Әр салада еңбек етіп жатқан үздік жас мамандар – жылдың айшықты оқиғасы «Жас дарын - 2021» жастар премиясында ұлығыланды.
Оны салтанатты түрде аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы табыстады. Аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға әкімдік өкілдері мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Алғашқы сөз кезегі ЖРО басшысы Нұргүл Боранғалиқызына берілді. Айтулы шара – оның жаңа қызметке сайланған бір ай уақыт ішіндегі үлкен жұмысының бірі екенін тілге тиек етіп, елінің бір кірпіші боп қаланар жас мамандарға нәтижелі еңбек пен берекелі табыс тіледі. Кейін аудан әкімі Марат Мурзиев құттықтау сөз алып, кезек марапатқа берілді. Бұл орайда, «Аудан әкімінің алғыс хатымен» Ақкөл жом бастауыш сынып мұғалімі Асылай Еркінқызы, Б.Бегалиев жом музыка пәні мұғалімі Гүлжазира Ерланқызы мен ЖРО жетекші маманы Тамаша Айтжанқызы марапатталды.
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының алғыс хатын» ЖРО бас маманы Қайыржан Бауыржанұлы мен Ш.Уәлиханов атындағы негізгі орта мектебінің мұғалімі Саягүл Тотанқызы иемденді. Кезек Тәуелсіз Қазақстанның талантты да талапты, білімді де білікті жастарының басын қосқан «Жас Дарын - 2021» премиясының үздіктерін анықтауға берілді.
Осылайша, «Жастар жанашыры» номинациясымен – аудандық мәслихат депутаты, «Нұр-Отан» партиясының мүшесі, жеке кәсіпкер, ағаш шебері, Талғат Серікбайұлы, «Үздік жас дәрігер» – орталық аурухананың дәрігер-невропатологы Назерке Мерекеқызы, «Үздік жас кәсіпкер» – ЖК «Жансая» жеміс жидек көтерме сауда орталығының иесі, жас кәсіпкер Нурбек Казимбайұлы, «Үздік жас мәдениет қызметкері» – С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің әдіскері Мейрамгүл Талғатқызы, «Үздік жас спортшы» – М.Ломоносов атындағы жом дене шынықтыру мұғалімі, Бокстан «ҚР спорт шебері» Мирас Маратұлы, «Үздік жас мемлекеттік қызметші» – ауданы әкімі аппаратының персоналды басқарудың бірыңғай қызметі бөлімінің бас маманы Еркінбек Бекетұлы, «Үздік жас ұстаз» – Абай атындағы жом қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Айдана Әділханқызы, «Үздік жас маман» – ЖРО заңгері Аида Біржанқызы, «Үздік жас полиция қызметкері» – аудандық полиция бөлімінің аға сержанты Бақытжан Максимұлы, «Үздік жас ерікті» – «АуаТранстелеком» линиялық кабельдік бригадасының басшысы Елеусін Ибрагимұлы, «Үздік жас журналист» – аудандық қоғамдық-саяси «Серпер» газетінің ІІ-санатты тілшісі, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Жайдарлым Еркебұланқызы, «Жыл жаңалығы - 2021» – шекара заставасының қызметкері Ади Артемұлы және Абай атындағы жом 11-сынып оқушысы Нұрали Жасұланұлы, «Үздік жас көшбасшы» – И.Панфилов атындағы жом директоры Айбек Асхатұлы атанды.
Ал, маслихат хатшысы Болат Теміржанұлы аудандық маслихатқа үлес қосқандары үшін «Аудандық маслихаттың Алғыс хатымен» «Халық банкі» АҚ аудандық басқармасының аға менеджері, Құрманғазы волонтерлер корпусының мүшесі Мұрадым Уалитханұлын, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әділбек Шафхатұлы мен «Иман жастары» қайырымдылық қорының мүшесі, ауданның белсенді еріктісі Азамат Әділұлын марапаттады.
С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері арнайы дайындаған концерттік бағдарламасымен салтанатты кештің көркін аша түсті.
Жайдарлым ҚАЙРЕДЕН