Жастар – қашанда қоғамның қозғаушы күші.
Бүгінде ауданымыздың әр саласында табысты қызмет етіп жүргендері жетерлік. Осыған орай, «Бауыржан» мейрамханасында озық еңбек үлгісін көрсетіп келгендерді жыл қорытындысымен «Жас дарын – 2019» сыйлығымен марапаттау салтанаты өтті.
Алғашқы сөз алған аудандық жастар ресурстық орталығының бас маманы Қайыржан Бауыржанұлы жастар жылында жүзеге асқан игі жетістіктерді саралады. Келесі кезекте аудан әкімі Қайрат Нұртаев мерекелік лебізін білдіріп, түрлі салада биіктерден көрініп, ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген белсенді жастарға зор ризашылығын жеткізді.
Одан әрі облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Жас Отан» ЖҚ Атырау облыстық филиалы төрағасы, аудан әкімінің алғыс хаттарымен бір топ жастар, «Жасprojeсt » жобасының жеңімпаздары ұлығыланды.
Сонымен, «Құрманғазы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мемлекеттік мекемесі «Жастармен жұмыс атқарған үздік мемлекеттік мекеме», аудандық аурухана хирургия бөлімшесінің дәрігері Шолпан Нұрғиса «Үздік жас дәрігер», жеке кәсіпкер Бауыржан Құмаров «Үздік жас кәсіпкер», Қиғаш ауылдық клубының көркемдік жетекшісі Руслана Амангельдиева «Үздік жас мәдениет қызметкері», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Есбол Елеусінов «Үздік жас спортшы», Дыңғызыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жаңылсын Өтешова «Үздік жас мемлекеттік қызметкер», Бегәлиев атындағы жалпы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Тоғжан Каримолла «Үздік жас ұстаз», Дыңғызыл ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Ринат Рахимов «Үздік жас полиция қызметкері», «Жас туристер» бекетінің маманы Дамир Тілеуғалиев «Үздік жас ерікті», «Жас projeсt» жобасының жеңімпазы, «Жылы жүрек» кондитерлік орталығының жетекшісі Раушан Қамидуллаева «Үздік жоба», ауданымызда жастар саясатының дамуына үлес қосқан белсенді жас, орталықтың бұрынғы басшысы Бахтияр Вахитов «Үздік көшбасшы-2019» аталымдарымен, жеке кәсіпкер Дәурен Марданов «Қамқор» сыйлығымен марапатталды.
Аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов құттықтау сөз сөйлеп, жастар жылында аудандық мәслихатқа үлес қосқандарға түрлі марапаттар ұсынды. Дастархан басына жиналған қонақтар концерттік бағдарламаны тамашалап, би билеп, көңілді тарқасты.
А.Күнұзаққызы