Жас ақындар бақ сынады

(0 Votes)

Ақкөл ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қазақтың бір туар тұлғасы, ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығын насихаттау және Құрманғазы ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай «Туған жерім мекенім, сені жырлап өтемін» атты аудандық жас ақындар мүшәйрасы өтті.

Мүшәйраға Акқөл, Шортанбай, Сафон, Нұржау, Үштаған, Бөкейхан ауылдық округтерінен 9 жас ақын қатысты. Алдымен Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай «Самғау» драма ұжымы «Күй құдіреті» атты театрландырылған көріністі сахналады.

Көріністе ұлы күйшінің Дина Нүрпейісовамен алғашқы кездесуі, үйіне баруы, батасын беріп, домбырасын ұсынуы әсерлі сомдалды. Ақкөл ауылдық округінің әкімі Әлімбай Әбдірахман қатысушыларды құттықтап, Ф.Оңғарсынованың, С.Әбдуәлиевтің, М.Мақатаевтың, Т.Айбергеновтің өлеңдерінен үзінділер оқып, сіздер солардың жалғасысыздар, өздеріңіз барда поэзия жібі үзілмейді деп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жеребе суырылғаннан кейін, сайыстың «Туған жерім – жүрегімнің бөлшегі» атты бірінші кезеңінде жас ақындар тақырыпқа сай өздері шығарған өлеңдерін оқыды. «Туған жерін жырлайды ақын жүрек» атты екінші кезеңде ақын-жазушылардың туған жерге арнаған бір өлеңін жатқа айтты. Үшінші, шешуші кезеңде әрқайсысы әділқазылар алдынан сұрақтарды суырып, онда көрсетілген тақырыпқа өлең шығарды. Ол үшін сайыскерлерге он минут берілді. Шараны ауданымызға танымал өнерпаздардың бірі Болат Бидоллаев жүргізді.

Аталған мүшәйраны әділқазылар алқасының төрағасы, Құрманғазы аудандық айтыс үйірмесінің жетекшісі Мүтиғолла Ғани, ақын, Шортанбай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самал Өтепова қорытындылап, поэзия жанрына бет бұрған жас ақындардың өлеңдеріне лайықты бағасын беріп, дипломдар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Бас жүлдені Бөкейхан ауылынан келген жас ақын Жанаргүл Оразова иеленді. Бірінші орын үштағандық Бекарыс Демесіновке бұйырды. Оның жерлесі Армат Жұмағалиев екінші орын алды. Нұржау, Шортанбай, Сафон ауылдық округтерінен қатысқан Назерке Райымбекова, Шұғыла Талапова, Ералы Ұзақбайға үшінші орын бұйырды. Гауһар Хабдрашитова (Ақкөл) «Туған жерге туын тіккен ақын», Ботагөз Абулғазиева (Сафон) «Жыр арманға асыққан ақын», Айсана Ешмұрат (Ақкөл) «Поэзияны серік еткен ақын» атты номинацияларға лайық деп табылды. Соңында Ақкөл мәдениет үйінің меңгерушісі Берік Жұмағазиев барлық қатысушыларға ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT