Құрманғазы ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Туған жер, Құрманғазым, асыл мекен» атты жасөспірімдер арасында аудандық айтыс өтті.
Айтысқа мектеп оқушылары Аянат, Айсана Ешмұрат (Ақкөл), Кәусар Нұрланқызы (Манаев), Ильнара Тұралбекқызы (Имашев), Биболат Таңатаров, Нұрзада Ақатқызы (Құрманғазы), Рауан Тасемен, Нұрбол Нұрлығайын (Ә.Сәрсенбаев), Фаризат Мәди (Ш.Уәлиханов) қатысып бақтарын сынады. Ұйымдастырушылар – аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі, С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі, аудандық білім бөлімі, аудандық жас ақындар үйірмесінің жетекшісі, айтыс ақыны Мүтиғолла Ғани.
Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Жалғасбай Шамбозов құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Шараны Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Ұлан Иманғали жүргізді. Алдымен жас ақындар қошеметпен сахна төріне шақырылып, көрермендерге таныстырылды. Жұп болып, өнер көрсетті. Бірақ, суырып салма, көмейінен өлең төгілткендерді байқамадық. Жаттап келгендерін ұмытып, мүдіріп қалғандары да кездесті. Десек те, бұл сахнаға алғаш шығулары ғой. Толқып, тебіренген де болар. Халықаралық жыршы-термешілер одағының мүшесі, жас ақындар үйірмесінің жетекшісі Мүтиғолла Ғани ағамыз өз сөзінде олардың аяқ алысы түзеліп, өлең соқпағына түсер деген сенімін білдірді.
Әділқазылар алқасының төрағасы, айтыскер ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Есмұхан Жанизин, мүшесі, аудандық білім бөлімінің әдіскері Айжамал Арыстанова ақындық табиғат беретін сый, сөз мәйегі екенін жеткізіп, жас ақындардың өнерін әлі де жетілдіре түсу қажеттігіне тоқталды.
Айтыс қорытындысымен Кәусар Нұрланқызы мен Ильнара Тұралбекқызы ІІІ орын иеленді. Басқа жас ақындарға Таңатар Дәрелов, Рахмет Ерғалиев, Рахмет Иманғалиев, Өмірзақ Қажымғалиев, Нұрлығайын Нұғыманов, Асқар Ғұмаров, Рахмет Ниетқалиев атындағы арнайы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Қанат ҒҰМАРОВ