Жас ақынның жыр кеші өтті

(0 Votes)

Мақаш ауылындағы «Шабыт» мәдениет үйінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Қазақстан-Атырау» телеарнасының ауданымыздағы тілшісі, бірнеше жыр мүшәйларының жеңімпазы, жас ақын Ақтілек Абайқызының «Шуақ» атты алғашқы жыр жинағының тұсауы кесілді.

Шараға жыр сүйер қауым молынан жиналды. Сондай-ақ, танымал  қалам ұстаған алдыңғы толқын ағалардан бірнеше кітаптардың авторлары Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев, аталған одақтың мүшесі, ақиық ақын Таңатар Дәрелов, аудандық «Serper» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Айнагүл Шакупова, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Есмұхан Жанизин қатысты.

atilek4

a

Алғашқы сөз кезегі Ақтілек Абайқызының бойындағы өлең бұлағының көзін ашып, поэзия әлеміне бір сала болып құйылуына  себеп болған ұстазы Гүлшара Абулхайыроваға  жолданып, ардагер ұстаз шәкіртінің туа бітті дарыны, ақындық жолға қалай келгені  жайлы кеңінен әңгіме қозғап:

– Шәкіртіміздің бойында ата қаны, ана сүтімен берілген қасиеті барын ең алғаш сезінген ұстаздары. Сол кезден бастап біз Ақтілекті даралап, дарынды оқушы деп бағаладық. Жеке жұмыстар жүргізіп, шығармашылыққа  баули бастадық. «Ұйқасын тап», «Өлең құра», «Жалғасын тап», «Ойлан тап», деген тапсырмалар оқушымызды өте қатты қызықтыратын. Ақтілектің ақындық жолы да мектеп өмірінен басталды деп есептеймін. Өзі бұйығы, байсалды, нәзік оқушы болғанымен, жүрегінен шыққан жыр жолдарын  жазып жүрген көк дәптеріне сіңіре береді екен. Сол екі тармақты өлеңдері жазылған дәптерін көргеннен кейін бәрін жинақтап, кейін төрт тармақтан тұратын бір-екі шумақ өлең жазатын дәрежеге жеткіздік. Бұған оның бойындағы дарыны себепші болды, ұстаздар тек көмектесіп, бағыттады. Қанатын қомдап аудан, облыс, республика көлемінде өтетін шараларға қатыстырдық. Барған жерінен Ақтілек құр алақан қайтқан жоқ. Қанжығасы қанды болды. Сол шаралардан ширап, ақындық талантының күннен-күнге артып келе жатырғанын сездік, - деп өлеңдері жатық, тілге жеңіл екеніне, студент атанғанда мектеппен байланысын үзбегеніне тоқталды.

atilek2

Келесі кезекте сахна төріндегі  экраннан Ақтілек Абайқызының өлеңдерін оқыған жастар түсірілген бейнебаян тамашаланды, сахна төрінде өлеңдері оқылды. Ә.Сәрсенбаев атындағы орта мектептің оқушысы Жұлдыз Сағидоллақызы  «Біздің аймақтың тамаша адамдарының өмір тарихы» тақырыбымен А.Абайқызының шығармашылығымен таныстырды. Жас ақынның «Шуақ» атты жыр кітабының тұсауын Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Өмірзақ Қажымғалиев, Таңатар Дәрелұлы, Еркеназ Қалижан кесті. Осындай жастарды қолдап, қатарға тартудан жалықпайтын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев:

– Біздің заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбаев «Талант  деген жетістіктің  жартысы ғана, барлық күш еңбекте», деп айтатын. Адам қандай биіктікте жүрсе де еңбектенуі керек. Ақтілек бойына біткен дарынын еңбекпен шыңдап, жетістікке жетіп жүр. Бір жағынан бұл орынды. Бұл жердің топырағы бөлек. Атақты Тышқанбай би, Мақаш әкім, Әбу Сәрсенбаев шыққан жер. Осы арада туып-өскен Бақытгүл Сәрмекованың еңбегі қазір Ұлыбритания елінен ағылшын тілінде шығып, қаламақысын алды. Сонымен қатар, мақаштықтар мақтан тұтатындар қатарында  осында отырған Еркеназ да бар. Өткенде Нұрлығайын Нұғымановтың шарасында ақын Таңатар Дәрелов «Жоғарыдағы құдай маңдайына немесе таңдайына бірдеңе бермесе, қанша жетелесең де қаламгер болып шықпайды», деп орынды айтты. Бойында дарыны бар жастар қашанда топ жарады, - дей келе мақаштықтар ортасынан осындай ақындар шыға берсін деген ізгі тілегін жеткізіп, кеш кейіпкері Ақтілек Абайқызына «Жаңғырық» атты кітабын сыйлады.

Бірнеше кітаптардың авторы, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Таңатар Дәрелұлы:

– Бүгінгі шарадағы ақ тілектер  Ақтілек ақынның  алдағы уақытта жазатын жырларына, болашақта түсетін бәйгелеріне үлкен қиқу. Өлеңдеріңді оқып аудан қаламгері ретінде  сүйіспеншілікке бөленіп отырмын. Жаңа Өмірзақ ағамыз айтқандай осы арадан шыққан бір ғана Әбу атамыздың өзі үлкен мақтанышымыз. Өзі кітабын шығарып, Алматыға барған жағдайы нашар адамдарды, студенттерді өмірбақи қолдап өтті. Сол Әбу атамыздың ізінен екі ақын көктеп шығып жатыр. Екеуі де қазақ поэзиясының қос қызғалдағы. Мен екеуін де бірдей көремін. Себебі, Ақ Жайықтың ағып бара жатырған екі саласы сияқты, өзіндік жазу стилдері  мүлдем басқа. Фариза мен Ақұштап апалар сияқты. Бірақ, Еркеназ мен Ақтілектің де түп қазығы қазақтың қара өлеңі. Қазіргі жас толқын өлеңді астарлаңқырап жазады. Оны оқырман қабылдап алуы қиын. Қадыр ақынды жылдам түсінсең, Жұмекенді 5-6 рет оқып барып ұғасың. Өнерлерің өрлей берсін! Мақаш бабамыз да қолына қалам ұстаған, күй шалған, қазақтың қазақ болуына үлес қосқан бірегей тұлға. Сол ағамыздың топырағынын, Әбу атындағы мектептен керемет тұлғалар шығып жатыр, - деп Ақтілек Абайқызына арнау өлеңін оқып, «Алты алашым, ардағым» атты жаңа кітабын сыйға тартты.

Жас ақын, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Еркеназ Қалижан да ізгі тілегін жеткізіп, «Серт» атты өлеңін оқып берді. Шарада А.Абаеваның сөзіне жазылған Ақтілек Сайлаубекқызының «Мен қазақпын» атты әні Гүлзада Тастанбекқызының  гитарамен орындауында алғаш рет көрерменге жол тартты. Одан әрі ізгі  тілектер легін Мақаш ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қадыров, аудандық «Serper» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Айнагүл Шакупова, Әбу Сәрсенбаев атындағы орта мектептің директоры Данияр Сабиров, жас ақын Жанаргүл Оралқызы және басқа да адамдар жалғап, кеш кейіпкерінің шашбауын көтерді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Есмұхан Жанизин  «Қаламгерлер жерлестер», деген өлеңін оқып, бір кітабын сый ретінде ұсынды. Өнерпаз Нұрғазы Ғапуұлы Нұрхат Бралиннің «Жасасын қазақ елім» атты әнін орындады.

a

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Қазақстан-Атырау» телеарнасының ауданымыздағы тілшісі, жас ақын Ақтілек Абайқызы әкесіне, анасына арналған өлеңдерін оқып, кешіне қаумалай келіп қатысқан барша көрерменге ризашылығын білдірді. Соңында Қазақстан Жазуышалар одағы аудандық филиалының  төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев «Мақаш» ӨК төрағасы Жеңіс Әбілқайыровты Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы атануымен құттықтады. Мақаш ауылдық округінің дамуына қосқан үлесі үшін 70 жасқа толып жатырған Аманғали Айдынғалиевті жұбайымен бірге  қошемет көрсетіп, сахна төріне шақырып, иықтарына шапан мен камзол жапты.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT