Жас ақындар сынға түсті

(0 Votes)

Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде қазақтың көрнекті ақыны, еліміздің Әнұранының авторларының бірі, жерлесіміз Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 85 жыл толуына орай «Ақын әлемін барлағанда» атты жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды.

Мақсаты ақын шығармашылығын жастар арасында насихаттау, олардың поэзияға деген қызығушылығын ояту. Мүшәйраға 14-29 жас арасындағы ақындар Еркебұлан Өтебаев, Райгүл Темірболатова (Сафон), Назерке Райымбекова, Айым Райымбекова (Нұржау) қатысты. Оған сақтық шараларын сақтау мақсатында әділқазылар алқасы мен онлай көрсетілім жүргізушілерден басқа адамдар шақырылған жоқ. Абай орта мектебінің жас ұстазы Рүстем Тоқаев шараны ашып, қатысушылар мен мүшәйраның шарттарын таныстырып өтті.

Шараның бірінші, «Ақынға арнау» атты бөлімінде жас ақындар Жұмекенге арнаған өлеңдерін оқыды. Айта кету керек бәрі де жақсы етіп жазып әкеліпті. Дегенмен сафондық Е.Өтебаев пен нұржаулық Н.Райымбекованың жазғандары әділқазылар алқасының көңілінен шықты. «Әрбір жолым қиынырақ қиысса, қиындыққа жасаған бір жорығым» атты екінші бөлім күрделірек болды. Мұнда қатысушылар 3 минуттың ішінде LED экрандағы тапсырмалардан 2 шумақтан кем емес өлең жолдарын табан астында шығарудан жарысқа түсті. Бұл әрине оңайға түспейді, бірақ жас ақынның қарым-қабілетін байқатады.

img_2091

Алғашқы болып бастаған Еркебұланның өлеңдері жып-жинақы, бірақ экраннан көрінген үш сурет кітап, домбыра, мектеп қамтылмаған және шумақ жарым көлемінде. Ұяшықтан Жұмекен, оқушы, мектеп суреттері шыққан Райгүл Темірболатова да дәл сондай етіп жазған. Нұржаулық Айым Райымбекова да ұяшықтағы тапсырманы қамтымай, шумақ жарым өлеңін қағазға түсіріп үлгерді. Сағат, Әнұран, Елбасы суреттерін таңдаған Назерке Райымбекова сондай көлемде дайындағанымен аталғандарды өлеңіне енгізіпті. Бар-жоғы үш минуатта қатысушы жастардың шумақ жарым өлең шығарып үлгеруі олардың поэзия әлемінен алыс еместігін көрсетеді. Өлең жаза алмаса бұлай етпес еді. Болашақта жақсы ақын болып шығады деген сенімдеміз. Қорытындысында нұржаулық Назерке Райымбекова (79 ұпай) бірінші орынға лайық деп танылды.

78 ұпаймен сафондық Еркебұлан Өтебаев екінші орын алды. Сафондық Райгүл Темірболатова мен нұржаулық Айым Райымбекова үшінші және төртінші орындарды иеленді. Барлығына да дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Әділқазылар алқасының мүшесі, М.Әуезов орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Гауһар Нұғыманова осындай берер тәлімі мол өнегелі шара ұйымдастырып жатқан С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT