Соңғы кезде тұрғындарды аудан көлемінде электр жарығының жиі өшетіні алаңдатуда.
«Қыста жарық өшсе газ үйді жылыта алмайды. Себебі насос су айдамайды. Үйдегі бүкіл жылу жүйесі қатып қалса кім жауап береді?», «Бір рет түнде өшкеннен таңға дейін болған жоқ. Сол кезде қатты аяз тұрса ше? Ақшасын уақытында төлеп отырмыз, неге өйтеді?». Осындай сұрақтар жиі қойылады. Бұған не себеп? Осыны білмек ниетпен «Атырау Жарық» АҚ аудандық филиалы электр желілері мекемесінің басшысы Игорь Абуғалиевпен кездестік. Төменде аталған мекеме басшысымен арамызда болған шағын әңгімені сіздердің назарларыңызға ұсынамыз. Игорь Абуғалиев:
– Ауданымыздың тұрғындарын толғандырған мәселе бойынша айтарым осы жыл басынан бастап, 10 қаңтар мен 18-ші қаңтар аралығында, «KEGOC» АҚ Атырау мен Индер (РФ-мен байланыс) арасында 220 кВ әуе электр желісі апатты ажыратылды. Сондай-ақ «Karabatan Utility Solution» ЖШС-нің электр станциясында 100 МВт көлемінде генерацияның жоғалуы орын алып, соның салдарынан энергия жүйесіндегі жиілік төмендеді. Жиілікті жеңілдету автоматикасының іске қосылуы салдарынан «АтырауЖарық» АҚ тұтынушыларының электр беру желілері ажыратылып, бірқатар жабдықтардың істен шығуына әкелді. Облыстың кейбір аудандары мен Атырау қаласының ішінара шағын аудандары электр қуатынсыз қалды. Сонымен қатар Атырау және Маңғыстау облыстарының энергожүйесінің Ресей Федерациясы энергожүйесінен (оқшауланған режимде) бөлінуіне алып келді. Оқиғаны зерделеу үшін арнайы ҚР Энергетика министрлігінің атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің бұйрығына сәйкес «Технологиялық бұзушылықтарды зерттеу бойынша комиссиясы» құрылды. Қазіргі таңда зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, «Атырау Жарық» АҚ-ның электр желілерінде ауа-райының қолайсыздығынан және т.б. айтпай келетін апаттық сөнулер кезінде, мекемеміздің тарапынан барлық қызметкерлерімізді жұмылдырып, тәуліктер бойы демалыссыз, өзімізге қарасты жоғары кернеулі қосалқы электр стансалары мен әуе электр желілеріндегі электр қондырғыларын сүртіп-тазалау, ауыстыру шараларын қолданып, электр энергиясын қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізіп, дер кезінде ток көзін іске қосу қызметтерін уақытылы атқарудамыз. Күнделікті тұрмыс-тіршілікке, әсіресе қыс мезілгінде жылыту қазандарына, қазіргі індетке байланысты білімнің онлайн түрде жүруіне электр қуатының маңыздылығы зор екендігін естен шығарған емеспіз. Жалпы, Батыс Қазақстан өңірі өзара параллелді энергия жүйесінің жұмыс сенімділігін күшейту мақсатында – Атырау, Орал қаласы, Маңғыстау облысы Ресей Федерациясы энергожүйесі арқылы резервті ток көзімен қамтамасыз етілуде. Құрманғазы ауданының Сүйіндік, Балқұдық, Азғыр, Асан, Үштаған, Жалпақ ауылдары токты Ресей Федерациясы энергожүйесінен алады. Атырау қаласынан келетін электр желісімен Құрманғазы ауданын ток көзімен қоректендіру мүмкін емес болған жағдайда, жаңа айтып өткендей дереу Ресей Федерациясы энергожүйесіне аударып, 29 теңгеден сатып алып, ауданымыздың тұрғындарына төмен бағада 4,73 теңгемен береміз. Және айта кететін мәселе, аудан тұрғындарының электрмен жабдықталу сенімділігі III санатқа жататындығын ескере отырып, ҚР «Электр қондырғыларын орнату қағидаларына сай (ПУЭ)» ІІІ санаттағы электр қабылдағыштар үшін электрмен жабдықтау жүйесінің зақымдалған элементін жөндеуге немесе ауыстыруға арналған үзіліс уақыты 1 тәуліктен аспаса, бір қорек көзінен жүзеге асырылатындығын қаперге береміз. Бұған дейін орын алған келеңсіз апаттық сөнулер кезінде барлық қызметкерлерімізді жұмылдырып, 1 тәулікке жетпейтін уақытта істен шыққан электр жүйелерінің себептерін анықтап, тез арада қалыпқа келтіріп, іске қосып жүрміз. Әрине, «Атырау Жарық» АҚ-ы ауданымыздағы электр жүйелері қалыпты жағдайда болуы үшін үнемі бақылауда ұстап отырады және тәулік бойы жедел- диспетчерлік қызметі жұмыстар атқарады.
– Көп қойылатын сұрақтардың бірі, «Ток көзін ажырататын болса неге алдын-ала ескертпейді?» - деп жатады.
– Бұл жағдайда, егерде электр жүеймізді жоспарға сай ішінара немесе күрделі жөндеу жұмыстарын атқаратын болсақ, міндетті түрде алдын ала округ әкімдігіне ескертіліп, «Telegram» және басқа да әлеуметтік желілерде заңды тұлғадағы тұтынушыларымызға хабарланады. Ал, айтпай келетін апаттық сөнулер кезінде алдын-ала хабарлап, ескерту тіптен мүмкін емес екені өздеріңізге белгілі.
– «Осындай жағдайларды болдырмас үшін желілерді алдын-ала тазалап, жөндеуге болмай ма?» - деген сұрақ туындайды.
– Әрине, өзімізге қарасты электр желілеріне ҚР «Электр станциялары мен желілерін техникалық пайдалану қағидаларына» (ПТЭ) сай, міндетті түрде күрделі жөндеу, жаңалау жұмыстары уақытылы атқарылады. Бірақ, бұл техникалық электр қондырғылары екендігін де ескерткім келеді. Мүлдем, ешуақытта істен шығуы мүмкін емес деу қиын. Ауа-райының қолайсыз кезеңінде ойламаған жерден келеңсіз жайттар орын алады. Бүгінге дейін, «Атырау Жарық» АҚ-ның тұтынушыларын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында энергетикалық нысандарын күрделі жөндеу, жаңарту жұмыстарын тұрақты атқарып келеді. Алайда, мекемеміздің электр қондырғыларын жаңарту жұмыстарына қаражат көлемі белгіленген шектеулі тариф мөлшерінде ғана, жеке өзіміздің қорымыздан қарастырылады. Бұл жағдайда біз жеке компаниямыз, мемлекет тарапынан ешқандай қаражат қарастырылмаған. Шектеулі тариф деп отырғаным, қазіргі таңдағы халықымыздың электр энергиясына төлеп отырған қаражаттар. Сондықтан, мекемемізге қарасты электр қондырғыларының барлығын бір мезгілде біріңғай жаңарту мүмкін емес. Өз тарапымыздан жарықтың сапалы, үзбей, тұрақты берілуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Әрине, тұрғындардан болған жағдайға байланысты кешірім сұраймыз. Яғни, «Атырау Жарық» АҚ-ы тарапынан өз міндеттерін орындамау және тиісті дәрежеде атқармау деректері ретінде қарамауларын өтінеміз.
– Әңгімеңізге рахмет! Ел үшін жасап жатқан еңбектеріңіз жемісті болсын!
Қанат ҒҰМАРОВ