Электр қуатына деген тәуелділігіміз артып келе жатқаны жасырын емес, күнделікті тіршілігімізді осы бір қуат көзінсіз елестете алмаймыз.
Қазіргідей күннің аптап ыстығында жарығымыз жиі өшетін болып жүр. Мұның салдарын тұрғын жайларда әдеттегі тұтынатын тұрмыстық техникаға қоса түрлі салқындатқыш, желдеткіштерді көптеп пайдаланумен түсіндіруге болатын шығар. Десе де жарқырап тұрған жарықтың әп-сәтте жалп етіп өше қалуы көпшіліктің орынды өкпе-назын туғызары анық. Абыройы болғанда ұзаққа созылмайды, төрт-бес минутта қайтадан қосылады. Кейбір тойханасы бар, қызмет көрсету орындары бар көпшілік орындарда, емхана, ауруханаларда токтың қуаттылығы жетіспегендіктен салқындатқышты қосудың еш мүмкіндігі жоқ. Сам-сана халық қапырық ауада ауыздарын ашқан бақадай әзерге шыдап шығады. Олардың жағдайларын жасауға мекеме басшыларының қауқары шамалы, барлығы да осы электр қуатының жеткіліксіздігіне келіп тіреледі.
Осындай жағдай қарапайым тұрғындарды да әбден зәрезап қылғандарынан да хабардармыз. Редакциямызға соңғы кездері осы мәселе төңірегінде жиірек қоңырау шалынып, істің мәнісін сұрап, арнайы ат басын тіреушілер де бар. Жарықтың жиі өшуіне тұтынушылардың, яғни, қарапайым халықтың ешқандай жазығы жоқ. Өйткені өздері тұтынған электр қуатының ақшасын ай сайын төлеп отыр. Қолдарына түбіртек тиген бойда басқасын ысырып қойып, бірінші кезекте электр қуаты үшін бережақты төлеуге асығады. Уақтылы есептесіп отыруды жадыларынан шығарып алса әй-шайға қарамай желіден қиып кететінін жақсы біледі. Бұл тұрғындардың сана-сезімінде қалыптасқан жайт. Сондай-ақ, олар ток көзіндегі тұрақсыздық үйлеріндегі тұрмыстық техникларды істен шығара ма деп те қауіптенеді.
«Атырау-Жарық» АҚ электр мамандарынан сұрағанымызда төмендегідей жауаптарын берді. – Ауа райының әдеттен тыс қатты ысуына байланысты Атырау облысы аумағында электр қуатын тұтыну жедел артты. Электр энергиясы генерациясының негізгі көзі «Атырау ЖЭО» АҚ өз қуат өндіру шегінің максималды режімінде істеп тұр. Желідегі қуаттылық 130 мегаваттқа жеткен кезде авариялық қауіп тудырмас үшін автоматты түрде өздігінен ажырату іске қосылады. Оны оперативті түрде қалпына келтіру, қайта қосу аздаған уақыттарды алады. Осы орайда тұрғындардың туындаған уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларын өтініш етіп, өз тарапымыздан кешірім сұраймыз. Сондай-ақ, үй-жайлардағы, мекеме, кәсіпорындардағы электр энергиясын шамадан тыс тұтыну да сақтандырғыш тетігінің қызып кетіп, істен шығуы да жиі орын алады. Сондықтан қуат көзін пайдаланған кезде осыны ескеруді қаперлеріне береміз. Тұрмыстық техникалардың істен шығуы қауіптілігіне келсек, «сақтанғанды құдай да сақтайды» деген жарық бір өшіп, бір жанып тұрған кезінде ток көзінен уақытша ажырата тұруға кеңесімізді береміз.
А.НӘЖІМОВ