Бүгінде өз ісін бастап, аяққа тұруды ниет еткендерге мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек орасан. Инновациялық жоба әзірлеп, қайтарымсыз қаржыға ие болғысы келгендер мен жаны сүйетін істі бастау мақсатында жеңілдетілген несие иемденуді ниет еткендердің Үкімет бетін қайтарған емес.
Кәсіпкерлікті қолдауға арналған «Жарқыра» бағдарламасының негізгі мақсаты – әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту. Жергілікті қоғамдастықтардың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық проблемаларына тұрақты бизнес-шешімдер ұсынуға бағытталған инновациялық әлеуметтік бастамаларға атсалысу. Ең бастысы, қоршаған ортаға, қоғамға пайдасы тиетін іспен айналысамын деп жүрген әр адам осы жоба арқылы пайызсыз несиеге ие бола алады.
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Жарқыра» жобасының координаторы Асылханым Ахмурова, тренер Айгүл Уалиева аудан тұрғындарымен кездесу ұйымдастырып, бағдарламаның ерекшеліктері туралы толыққанды түсінік жұмыстарын жүргізіп, тиімді тұстарын талдап, ниеттілерді жобаға шақырды. Байқауға қатысуға ынталы адамдардың толғандырған сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
-Жалпы «Жарқыра» жобасы Орта Азияны дамыту қоры «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылай қолдауымен 2016 жылдан бері жүзеге асып келеді. Осы жылдар аралығында өңіріміз бойынша 50-ден астам адам жоба жеңімпазы болып, бүгінгі күні өз кәсіптерін игеріп отыр. Аталған жоба түрлі бағыттар бойынша бизнес бастаушыларға қолдау көрсетіп келеді. Соның ішінде, білім беру, әлеуметтік қызметтер көрсету, денсаулық сақтау, ерекше қажеттіліктері бар адамдармен жұмыс және ұлттық өнерді, қолөнерді дамыту т.б атауға болады. Қоғамның өткір проблемаларын азаматтардың өздері тиімді шешу үшін түрлі елдерде әлеуметтік кәсіпкерлік көптен бері табысты түрде қолданылып келеді. Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау – бұл әлеуметтік проблемаларды шешуде мемлекетке көмектесу, бұл қайырымдылық, бұл белсенді азаматтар үшін өз идеяларын жүзеге асыру мүмкіндігі,-дейді тренер Айгүл Уалиева.
Ерекшелігі, «Жарқыра» жасына қарай шектеу жасамай, әлеуметтік кәсіпкерлерге толық қолдау көрсетуді қарастырған. Жалпы жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші – іріктеу кезеңі, екінші кезеңде қатысушыларға арналған семинарлар мен тренигтер ұйымдастырылып, арнайы тағылымдамадан соң бизнес-жобаларын қорғайды. Спикер ретінде басқа өңірлерден біліктілігі жоғары жаттықтырушылар да келеді. Үздік жобалардың авторлары қаржылай қолдаумен қатар пайызсыз несиеге қол жеткізеді.
А.Шакупова