Құрманғазы ауылдық округі жанындағы аналар кеңесі мен аудандық орталықтандырылған кітапханамен бірлескен түрде «Ана деген – бастауы ұлылықтың» тақырыбында «Жарқын жүздесу» бағдарламасын ұйымдастырды.
Оны М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі Анар Саясатқызы қазақ және орыс тілінде жүргізіп, шақырылған қонақтармен таныстырды.
Білім, мәдениет саласының жоғарғы санатты қызметкері, ардагер ұстаз, үш баланың анасы, бүгінде немере-жиен сүйіп, қазақпен құдандалы болып отырған әже Сон Ирина Ивановна көрерменнің қошеметімен ортаға шақырылып, сыр-сұхбат жүргізілді.
Ол өзінің туған жері, өскен ортасы, студенттік шағы, алғашы еңбек жолы туралы еске алып, әсерлі әңгіме өрбітті. Бұрынғы әріптестері, достары Алла Андреевна, Лидия Олеговна кеш кейіпкері жөнінде қойылған сұрақтарға жауап берсе, құдағайы Гауһар Сиғуатқызы өзінің жүрекжарды тілегін білдірсе, Атырау қаласындағы құдағайы Рая Асқарқызы бейнежазба арқылы өзінің сәлемдемесін жолдады.
Бағдарлама барысында С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Ермек Айсын, Раушан Сәрсенова, жас әнші Ақылбек Сабур, Құрманғазы ауылдық округі жанындағы «Ақтілек» әжелер ансамблі әсем әндерін орындады.
Округтің аналар кеңесінің төрайымы Гауһария Төкестаева шараны қорытындылағаннан кейін М.Әуезов мектебі жанындағы «Ақ жаулықты қазынам» әжелер тобы «Аналар кеңесі» гимнін орындады.
Айнагүл Күнұзаққызы