Ұлыстың ұлы күні Әз Наурыз мерекесіне орай Құрманғазы ауданының жас атбегілерi жаппай көкпардан жарыс ұйымдастырды.
Орлы ауылдық округінің Қызылжар учаскесiнде өткен сайысқа Орлы ауылынан Асылби Орынғалиев "Торытөбел", Келес Алпысов "Үркер", Дидар Сағынов "Аламан", Мерген Кенжеғалиев "Тайбурыл", Құрманғазы ауылының Кресті мөлтек ауданынан Қайрат Досбаев "Чемпион", Ринат Ниғыметов "Черный", Теңіз ауылынан Мейрамбек Икрам "Теңбіл", Тiлектес Шынтасов "Дос", Ернар Ташимов "Жиренбай", алыстағы Үштаған ауылынан келген Дамир Молдашев "Бақторы", Жасұлан Кенжеғалиев "Айтұмар" атты тұлпарларымен қатысты.Шараны Орлы ауылдық округінің әкімі Жандос Бектеміров ашып, қатысушыларға сәттілік тiледi.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан ойын тартысты өтті. Көкпар командалық емес, жеке қатысушылармен өткiзiлгендiктен әр шабандоз өзінің ептiлiгi мен жылдамдығына ғана үміт артты. Бұл сайыста 16 салымға да салымдар салынып, алымдар алынды. "Бақ шаба ма, бақ шаба ма?!", дегендей дүбірлі додада салымның 40%-ын еншiлеген үштағандық Жасұлан Кенжеғалиев пен ол баптаған Айтұмардың мерейi үстем болды. Ат сабылтып алыстан келген еңбектері еш кетпей, жұлдызы жарқырады. Үздік салым салған шабандоз Жасұлан Кенжеғалиевтi аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова марапаттап, Алғыс хат, кубок пен қаржылай байрақ табыстады.
Айнагүл Шакупова