Жаны нәзік Жаңылсын

(1 Vote)

Өткен жылдың желтоқсанында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырған «Елге қызмет ету – мінезден» атты республикалық байқауында Дыңғызыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жаңылсын Утешова «Үздік эссе» номинациясында І орынды жеңіп алды деген ақжолтай хабар біраз жұртты таңқалдырып тастады.

Қазақ елінің қиыр батысындағы алақандай ғана ауылдан келген қаршадай қыздың байқаудың әділ қазылар алқасының құрамында болған қазақтың қара сөзінің қаймағын қалқып ішкен танымал журналист Нұртөре Жүсіптің, бекзат болмысты айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазиннің сынынан өтіп, талғам-таразысына сай келуі Жаңылсынға оңай соқпағаны анық. Өз еңбегінде мемлекеттік қызметшінің адалдығы мен парасаттылығы, қарапайымдылық үлгісі, жоғары моральдық жауапкершілігі, әдептілік құндылықтары, кәсіби білімі мен біліктілігі сияқты қасиеттерін ерекшелегенде ұлтымыздың ұлы ойшылдарының, Алаш арыстарының даналық ойларын қисынды пайдалана білу арқылы байқауға қатысушылар ішінен үздік шықты. Екі жүзге жуық мемлекеттік қызметшілермен қатар квазимемлекеттік сектор мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері де қатысқан ой-додасында оза шауып, көмбеге бірінші келуі оның үлкен ізденісті еңбегінің жемісі.

Бұл Жаңылсын Жанғабылқызының түрлі байқауларда топ жарған алғашқы жетістігі емес. 2018 жылы Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық, облыстық байқауларда бас жүлдені иеленіп, республикалық додада жүлделі І орынды жеңіп алды. Жерлес ақынның шығармаларын шебер орындап, мұнайлы астананың атын шығарғаны үшін Атырау облысы әкімінің арнайы дипломымен ұлығыланды. Жас талант үшін табысты болған 2019 жылда «Егемен елдің ұстаздары» атты білім және ғылым қызметкерлері арасындағы көркемөнерпаздар сайысында бас жүлдені иемденіп, дипломмен марапатталды. «Мемлекеттік тіл LATYN garpimen» атты мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық байқауда ІІ дәрежелі дипломды қанжығасына байлады. 2019 жылдың қорытындысымен өткен «Жас дарын-2019» жастар сыйлығының «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» номинациясын жеңіп алды. Аудан, округ әкімдерінің «Алғыс хаты» табыс етілді.

Жыланды ауылында 1996 жылғы 19 қазанда дүниеге келген Жаңылсын осындағы Д.Нұрпейісова атындағы орта мектептің түлегі. Бала кезінен өлең жырды, әдебиетті сүйіп оқитын, сөз өнеріне ғашық қыз тіл маманы болуды таңдады. 2018 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «филология: қазақ тілі» мамандығы бітіріп, гуманитарлық білім бакалавры біліктілігін алып шықты. Мемлекеттің қызметке тестілеудің сынынан сүрінбей өтіп, өзі туып-өскен Дыңғызыл ауылдық округі аппаратына бас маман болып орналасты. Өнерге құштар жаны нәзік Жаңылсын туған ауылының өркендеуіне, көркейіп кемелденуіне міндетті мемлекеттік қызметімен қатар бойындағы тұма талантымен де өзіндік үлесін қосып келеді.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT