ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді.
Осыған орай, Боздақтар ескерткішінде «Жан жарасына айналған зұлмат жылдар» атты мәдени шара ұйымдастырылды. Монументтің оң жақ қанатында бой көтерген жаңа тақтаға аудан әкімі және ардагерлер кеңесі, аудандық мәслихат, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары атынан гүл дестелері қойылып, жиналғандар нәубет болған жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Алғашқы сөз сөйлеген аудан әкімі Қайрат Нұртаев «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шеккенін алға тартып, ұлт болашағының дамуына кері әсерін тигізген орасан қасіреттің құрбаны болған жандардың рухын ардақ тұту – бүгінгі және келер ұрпаққа жүктелетін асыл міндет екенін жеткізді. Саяси қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының атынан мінберден табылған Ғилыман Құспанов атаулы күннің маңызы жөнінде сөз тарқатып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әрбір халық тарихтан өзінше тағылым алады» деген сөзін атап өтті. Кезінде солақай саясаттың салдарынан «халық жауы» атанған атасы Ақботин туралы айтып өтіп, мұндай қиянат енді ешқашан орын алмасын деген тілегін білдірді.
С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары шараны әнмен әрледі.
А.Шакупова