Жаңаталаптық аналар ұлықталды

(0 Votes)

​Құрманғазы ауданының 95 жылдығы аясында Жаңаталап ауылдық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Тарихы құнды – болашағы нұрлы өлке» атты кездесу кеші өтті.

Алғы сөз ауылдық округ әкімі Сұңғат Бралиевке берілді. Осы ауылдың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан батагөй, батыр, 70-75 мерейлі жасқа толған аналар Мария Хасанова, Күлжиян Шокилова, Азия Жамалиденова, Жұпар Тәжібаева, Бақыт Гайсина көрермен қошеметімен сахна төріне жайғасты. ​Облыстық мәслихат депутаты Замзагүл Карсакова қасиетті өлкенің бүгінгі қол созған биіктерін тілге тиек етіп, облыс әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Нұртаевтың құттықтау хатын көп жылдар сауда қаласында еңбек еткен зейнеткерлер аналар А.Жамалиденова мен Ж.Құбайқызына табыстады.

Аудандық мәслихат төрағасы Гүлжаннат Қалиева мерейтой иелеріне жылы тілегін жеткізді. Сондай-ақ аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиевтың құттықтау хатын ұзақ уақыт есепші боп қызмет қылған М.Хасановаға, шаруа қожалығы, сауда саласында еңбек еткен Б.Теміржанқызына, Ж.Құбайқызына, А.Жамалиденоваға, аудандық денсаулық сақтау бөлімінің басшысының м.а. Саида Уахапқызының құттықтау хатын аталмыш салада айтулы орнын қалдырған К.Шокиловаға ұсынды. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова барлық кеңес мүшелері атынан «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары» атты II томдық кітапты ауылдық мәдениет үйінің басшысы Жанар Бралиеваға тарту етті. Облыстық ішкі саясат басқармасының қоғамдық келісім мемлекеттік мекемесінің Алғыс хатымен Б.Гайсина, К.Шокилова, М.Хасанованы ұлығылады. Аудандық, ауылдық аналар кеңесінің іс-жоспарына қолдау білдіріп, шараның өтуіне мұрындық болған округ әкімі, барлық мекемелерге, қоғамдық ұйымдарға зор ризашылығын айтты.

Құрманғазы ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Гаухария Кінәмақызы ауыл әкімі Сұңғат Мұхамеджанұлы мен Ы.Алтынсарин жалпы орта мектебінің директоры Алтын Қаменқызына, ауылдық мәдениет үйі мен Зәмзәм Исмагулов атындағы халық театры ұжымына арнайы Алғыс хат табыс етті. «Ақтілек» әжелер ансамблінің мүшелері ақ кимешектерімен жүздері нұрланып тәттіден шашу шашты.

Шара барысында мерейлі жасқа толған аналардың өмірдерегі жайлы дайындалған бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Өздеріне қойылған сұрақ-сауалдарға аналар тұщымды, толғамды жауап берді. Мәдениет қызметкерлері ән-жырын әуелетіп, көңілдерге қуаныш ұялатты.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT