Халқымыздың ең асыл қасиеттерінің бірі – қайырымдылық. Бұл - ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан ізгі амал. Үлкендер ұстанған жарасымды тірліктің жарқын үлгісін Жаңаталап ауылының жастары көрсете білді.
Ауылдың әр жыл аралығында туған жастары, үлкендері бір жұдырықтай жұмылып, ортақ ақша жинап, жалғызбасты анамыздың үйіне газ қондыруға атсалысты. Күннің қаһарлы суық күндерінде үйін жел алатын апамыздың шаңырағына да, көңіл көгіне де ерекше жылы шуақ орнағандай болды.
Сондай-ақ, белсенділер 2 мұқтаж отбасына азық-түлік таратып, мол сауапқа кенелді. Үйіне қиыншылық түскен ауыл азаматының тұрмыстық жағдайына көмек қолын созды және де ауыл футбол газонының жарықшамдарын ауыстыруға, жеңіл жөңдеу жұмыстарына қаражат жинап, жұмыстанып жатыр қайырымды ауыл жігіттері.
Иә, ауыл жастарының игілікті істерге мұрындық болып, бірлікте әрекет етуі қуантарлық жайт. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлкемізде мұндай жан сүйсінтерлік бастамалар көбейе берсін деген тілектеміз.