Жаңа мешіттің іргесі қаланды

(0 Votes)

Еңбекші ауылдық округінде 100 орындық, көлемі 143 шаршы метр жаңа мешіттің құрылысы басталды.

Мешіт намаз оқитын зал, әйел адамдар бөлмесі, имам кабинетімен қамтылады. Жанында ерлер, әйелдер дәрет алатын орын, жылыту қазаны, жаназа шығаратын бөлме орыналасады. Бәрінің де іргетасы құюлы тұр. Бір жақсысы мешіт күре жолдың бойында орналасқандықтан әрлі-берлі өткен жолаушылар сапар намазын оқи алады. Аллаға құлшылық қылатын орын жеке кәсіпкерлер Серік, Ерлан Тариховтардың, Жастілек Оңашовтың және Еңбекші ауылдық округі намазхандарының демеушілігімен салынып отыр.

Ғасырларға кететін ғибадат орнының алғашқы тасын қалау салтанатына Еңбекші ауылдық оругінің әкімі Жасқайрат Хамзин, мемлекеттік қызметтің ардагері Қанат Ғаббасов, облыстық «Иманғали» мешітінің заңгері Қадырбек Имашев, аудандық «Темірәлі» мешітінің бас имамы Еламан Бегалиев, ауыл тұрғындары Қанат Оңашов, Серік Меңдіғалиев, жеке кәсіпкерлер Серік, Ерлан Тариховтар қатысты. Аталған азаматтар цемент езіп, тастарды өз қолдарымен қалап шықты.

Салтанатты шарада аудандық «Темірәлі» мешітінің бас имамы Еламан Бегалиев сөйлеп:

– Мешіт деген мына әлемді жаратқан Алла Тағаланың ең жақсы көретін орыны ғой. Бұл берекеті кеткен үйдегіні де, түздегіні де түзейтін ғимарат. Мұсылманның хакім Абай айтқандай «қияметшіл дүниенің» кірінен тазарып, бар арман, үмітінің ақталуын тілеп дұға жасайтын қадірлі үйі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Кім де кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды», дейді.

Ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған сауапты іс. Жақында бір жерде болғанымызда ақсақалдар мешіт құрылысына қарсы болды.

Сонда қатысып отырған бір жас жігіт:

«Мен мешітке барғанға дейін анамды көп сыйлай бермейтінмін. Атын атаушы едім. Қалай мешітке бардым, солай «Анашым» деп атап, құрметтей бастадым. Ата-ананы сыйлауды маған мешіт үйретті» деген еді. Қазақстанның оңтүстігінде әр ауыл, әр көшеде мешіт бар. Бүгінде ауданымызда да көбейіп келеді. Осы мешіттің құрылысы басында жүрген Ерлан ағамызға Алла күш-қуат берсін! Қазақта мұсылманшылық бұрыннан болды, оны Кеңес үкіметі құртты. Бүгінде тарихымыз осылай жаңарып жатқанына куә болып отырмыз, – деп иманды жастарымыз көбейсін, еліміз аман, халқымыз тыныш болсын деген ізгі тілегін жеткізді.

Облыстық «Иманғали» мешітінің заңгері Қадырбек Имашев іргетасы қаланған мешіт құрылысы жақсы аяқталып, халық игілігін көрсін деген тілегін айтып, өңіріміздің бірнеше аудандарында жаңа мешіттер бой көтеріп, медіреселер ашылып жатқанына тоқталып, бұл жақсы үрдіс екенін тілге тиек етті.

Еңбекші ауылдық округінің тұрғыны Қуатбек Серіков:

– Ауылымызда жаңа мешіт салынып жатқанына қуаныштымыз. Намаз оқитын біраз жастар аудан орталығына барып жүрміз. Енді осы мешітте оқимыз деп ойлаймын. Әрі бұл жастардың Аллаға иман келтіруіне, жаман әдеттерден аулақ болуына, салауатты өмір салтын ұстануына септігін тигізіп, үлкенді құрметтеуге үйретеді, – деп сауапты істің басында жүргендерге ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT