Құрманғазы аудандық музейінде «Өренді өлкетанушы» клубы мүшелері мен «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» тарихи-танымдық энциклопедиясының редакциялық алқасының отырысы өтті.
Отырысқа аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Қалиева, ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Шараны аталған клуб пен кітаптың үшінші томы редакциялық алқасының, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев ашып, мақсатымен таныстырды. Аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Қалиеваны кітаптың редакциялық алқасының құрамына қабылдауды ұсынып, ол қатысушылар тарапынан қолдау тапты.
Үшінші кітаптың дайындығы жайлы оның әр бөлімінің жетекшілерінің қысқаша хабарламалары мен ұсыныс-пікірлері тыңдалып, төраға тарапынан оған қатысты нұсқаулар мен тапсырмалар берілді. «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» тарихи-танымдық кітабының 3 –ші томының 240 беті мәтіндерден, 160 беті фотосуреттерден тұратыны, 500 данамен шыққалы отырғаны айтылды. Редакциялық алқа мүшелері Таңатар Дәрелов, Жұмақай Ғұмаров, Қадырбай Жармұхамбетов, Сағидолла Кулов, Рифхат Сұлтанияев, Талғат Жұмалиев және басқалары өз пікірлерін ортаға салды.
«Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» тарихи-танымдық кітабы редакциялық алқасының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев:
– Мына кітапта Тәуелсіздік кезінде еңбек еткендерді көбірек қамтуымыз керек. Ертең бұл кейінгі ұрпаққа қажет болады. Аудан тарихынан іздегендерін осыдан табады. Әсіресе, ауданымызға соңынан қосылған Азғыр өңірі өгей баладай шеттеп қалмасын. Қыр бойына барғанда осыны ескеріңіздер. Алдыңғы екі томына енбей қалғандар болса айтыңыздар. Кітапты аудандық бюджет есебінен шығаруды қолға алмақпыз. 10 млн 250 мың теңге қаражат сұралуда. Техникалық құжаттары жасақталды. Қазақстан бойынша тендер өтеді. Кітаптың техникалық тапсырмаларын өзім бүге-шігесіне дейін жазып бердім. Шығарушыдан сол бойынша жұмыс жасауын талап етеміз. «Өренді өлкетанушы» клубының жұмысын жандандыру үшін, әр мектепке барып диспут түрінде кездесулер өткізуіміз қажет. Сонда жастар тартылады. Әр мекемеге бір тақырыпты бөліп беріп, сол бойынша клуб мүшелерін жібереміз. Олар сонымен қатар округтің, мектептің өз энциклопедиясын шығаруға да көмектесетін болады,– деді.
Қанат ҒҰМАРОВ