Жаңа балық цехы іске қосылды

(0 Votes)

Қазір көктемгі балық аулау науқаны қарқын алды. Көк теңіздің тарландары су маржанын сүзіп, ел игілігін арттыруды бастап кетті.

Ауданымыздың экономикасы ауыл шаруашылығына негізделгендіктен онда балық аулау және өңдеудің рөлі ерекше. Өйткені Қиғаш бойын жағалай қоныстанған округтердегі 13 мыңға жуық халық 6 табиғат пайдаланушыда еңбек етіп, ризығын осы кәсіптен тауып отыр.

Сол табиғат пайдаланушылардың бірі, балықты аулаумен қатар өңдеуменде шұғылданып, экспортқа шығарып отырған «Каспий-Балық» өндірістік кооперативі өңірімізге ғана емес, елімізге танымал іргелі кәсіпорындардың бірі. Ауданымыз бойынша биылғы жылы 6241 тонна балық аулау лимиті бөлінсе, соның 3 мың тоннасы «Каспий-Балық» ӨК-не тиесілі. Жақында ғана аталған кооператив Байда ауылдық округіндегі Перевалочный учаскесінде жаңа балық қабылдау цехын іске қосты.

«Каспий-Балық» ӨК мен әзірбайжандық инвестор «Нұрсейіт-Сахиб» ЖШС бірлесіп салған цехтың жобалық құны 500 млн. теңге. Күні бүгін 250 млн теңгенің жұмысы атқарылған. Көлемі 2500 шаршы метрді құрайтын бұл нысан бір мезгілде 30 тонна балықты қабылдауға қабілетті. Мұнда әрқайсысының сыйымдылығы 15 тонналық 5 балық қатыратын камера, 400 тонналық бір балық сақтау орыны бар. Құм мен жыңғылдың арасында бой көтерген жаңа цехқа жан-жақтағы ауылдардың тұрғындары жұмысқа тартылған. Біз барғанда қарбалас еңбек қызып жатты. Бос жүрген ешкім жоқ. Кемемен келген балық ішке жеткізіліп, арнайы орындарда сұрыпталуда.

«Каспий-Балық» ӨК бас инженері Тілекқабыл Жәкеевті сөзге тартқанымызда:

– Жаңа цех 1 сәуірден бастап балық қабылдап жатыр. Қазіргі жағдайда 30 жұмысшы күшімен, қажетті техникалармен жабдықталған. Күніне 30-40 тонна балық қабылдап тұрмыз. Жұмыс уақыты таңертеңгі 8-ден кешкі 8-ге дейін. Жұмысшылардың түскі және түстен кейінгі тамақтары ұйымдастырылған. Ауланған балықтар су көліктерімен осы цехқа тасылады. Осында арнайы қораптарға салынып, қатырылып, белгіленген орындарда сақталады. Бұл цехты салуға көмектескен әзірбайжандық инвестор Назим Куламовқа ризашылығымызды білдіреміз. Ол кәсіпкердің өзі де цех басында болып, жұмысты ұйымдастыруға атсалысуда. Президентіміздің қойып отырған талаптарына, соңғы шыққан қаулыға сәйкес балық өңделген соң ғана экспортқа шығарылады. Бізге балық өңдеу үшін мұнда тағы да қосымша цехтар салу, станоктар, басқа да қажетті құралдар алу керек. Соған байланысты бизнес-жоспар жасалып, аз пайызбен субсидия немесе несие беруге сұраныс аудандық кәсіпкерлер палатасына жолданып отыр, – деді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT