Жамбылдың өз "Джакондасы" бар

(0 Votes)

«Мен сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анамның оюынан үйрендім» деп қазақтың әйгілі суретшісі Әбілхан Қастеев өз заманында айтып кеткен болатын. Бейнелеу өнері – бағзыдан жеткен бабалар мұрасы. Қазақ даласында сурет салудың түп төркіні ежелгі түркі заманының таңбалы тастардағы түрлі кескіндерінен тамыр тартады. Көненің көз тартар кескіндемесін қазақтың біртуар ұлы Шоқан Уәлиханов ХІХ ғасырда алғаш рет ақ қағазға түсірген...

Иә, әуелде тастағы нобайдан парақтағы бейнеге айналған сурет салу өнері сан ғасырлық сүрлеуін жаңғыртып, жаңартып, жиырмасыншы ғасырда кездемедегі майлы бояулы картинаға айналды. Бейнелеу өнерін бұндай биік белеске көтерген, ол – ұлтымыздың ұлы перзенті, қазақ сурет өнерінің негізін қалаған көрнекті тұлға, қылқалам шебері Әбілхан Қастеев пен оның суретшілік мектебі екенін айтуға болады.  

Бүгінде бекзат өнерге құштар, бала жастан замандастарын таңқалдырған, қолына қылқалам ұстап бабалар мұрасын жалғаған қазақ баласы көп. Солардың бірі – Жамбыл ауылының тумасы Аружан Шахидоллаева. Оның қабілетін алғаш рет бейнелеу сабағынан беретін ұстазы бірден байқаған. Киімдердің дизайнына қызыққан ол түрлі суреттерді сала бастаған. Ауылдағы Панфилов атындағы жалпы орта мектепте оқып, онжылдық білім алды. Бұл күнде Алматыдағы әйгілі Жүргенов атындағы өнер академиясының кескіндеме мүсін және дизайн, монументалды живопись» факультетінде оқиды.
Әлемдік сурет өнерінің тарихында әйгілі «Джаконданың» салынғанына 800 жыл толса, қазақтың картиналары ғасырға жуық тарихтың шежіресін түзген. Ендігі бағыт – өнерді өзгеше түрлендіріп, таным мен түйсікте төңкеріс жасайтын жас суретшілердің болашағына жол ашу деп айтсақ, артық болмас. 

Әр суретшінің бойында, түйсігінде өзіндік ерекшеліктер болады. Мұндай дара қасиеттер кескіндемешінің туындыларында тұнып тұр. Аружанның бояу техникасы, тіпті, кәсіби суретшілерді де таңқалдырған. Бұндай өзгешеліктің, ауыл баласының тұмса табиғат аясында, еркіндікте, туған ауыл топырағында өскендігінен деп топшылайды атасы мен әжесі.

«Аружан кішкентай кезінен-ақ пысық, әрі ақылды болып өсті. Бәрі де әлі күнге дейін көз алдымда. Мал шаруалауға шыққанда оны үнемі өзіммен бірге ертіп шығатынмын. Сол кезде құр жүрмесін деген ниетпен «қолыңа ағашты ал да, құмға әріптерді жаз немесе қоян, үйректің суреттерін сал» деп айтатынмын. Осылайша, бірте-бірте алғашында қоянның басын, сосын ортасын, кейін аяғын салатын. Содан болар, бәлкім қазір оның суретке деген қызғушылығы күн санап артып келеді» дейді атасы.

Ал, әжесінің сөзінше, немересі кішкентайынан еңбекқор, әрі мейірімді болған екен.

«Бала күнінде ойнап жүріп, шөптердің арасында қалып қоятын. Сосын мен оған «не істеп отырсың ол жерде?» десем, «гүл теріп отырмын» деп жауап беретін. Одан соң, сол жинап алған гүлдерін үйге алып келетін. Бұл менің тұғыш немерем, өзіме қатты жақын. Осы кезде тағы бір қызық есіме түсті. Екеуміз жатарда бірге жататын едік. Бір оянсам, қасымда Аружан жоқ. Оның өз бөлмесіне барып едім, түнгі сағат үш-төрттің шамасында сурет салып отыр екен. Мен оған «жатпайсың ба, немерем-ау?» дегенімде, ол: «Қазір, ақ мама, мына суретті салып бітірейін, содан соң ұйықтаймын» деп жауап беретін. Сөйтіп, суретін бітіргеннен кейін өзінің шағын қойын күнделігіне «бітірдім» деп жазып қоятыны әлі есімде деп еске алады әжесі.

Жалпы, сурет өнері бірнеше жанрға бөлінеді. Олардың әрқайсысы суретшінің салу технологиясына қарай жіктеледі. Солардың бірі – пейзаж. Мұқияттылық пен табандылықты талап ететін жанрдың бұл түрін бірден меңгеру қиын. Ал, біздің кейіпкеріміз мектеп қабырғасында оқып жүріп-ақ табиғат бейнелерін кескіндеуге көп назар салған. 

«Маған көбінесе табиғатты, соның ішінде, түн мен айды салу қатты ұнайды. Себебі, бұлар мен жақсы көретін түстің бейнесінде. Мен сурет салғанда қарындашты мүлдем пайдаланбауға тырысамын. Яғни бірден бояуды пайдалануға ден қоямын» дейді Аружан.

Кейіпкеріміз сурет арқылы адамдарға бұрыннан белгілі дүниені өзгеше қырынан танытқысы келеді. Майлы бояумен бейнелеу – тек таланттылардың ғана қолынан келетін ерекше өнер. Бұл мамандықты өзге кәсіп иелерімен салыстыруға келмейді. Қаламгерлер әдебиетте табиғатты сөзбен суреттесе, күйші күймен тербесе, ал, суретшілердің картинасында бірнеше өнер толығысып тұратыны анық. Ендеше, Аружанның туындылары да – тұңғиықтан жарыққа, сүреңсіз түстен жарқыраған бейнеге айналған кескіндеме. 

Ағылшын жазушысы, әрі суретші Джон Рёскин суретшінің қолы және қиялы бірге жұмыс істесе ғана тамаша сурет шығады деген ой түйген.  Дәл осылай біз әңгімелеп отырған Аружан да өз қиялындағы бейнелерді кескіндеп келеді. Ол сурет салуға қажет шабытты табиғаттан алады. Суретші құмды даладан сұлулықтың сырын, аспандағы ақ бұлттардың қозғалысынан әдемі бейнелерді, ал, ауылдың мамыражай тыныс-тіршілігінен өзара үйлесімділікті, қарапайым адамдар бойынан тұлғалар келбетін аңғарып, сызуға отырады. 

«Жалпы айтқанда, ең қиын жұмыс – суретті аяқтау. Өйткені, енді бір жерін бітіріп болсаң, өзіңе келесі жері ұнамай тұрғандай сезім қалдырады. Былайша айтсақ, өзің қалағандай етіп сурет салу қиынның қиыны дер едім. Дегенмен де, мен әлі жас болғандықтан кейде өзімді одан әрі дамыту керектігін түсінемін. Сондықтан да, өзіме Әбілхан Қастеев атамыз секілді Қазақстанның атын шығаратындай суретші болуды мақсат еттім» деп аяқтады сөзін жас дарын. 

Аружан суретшіліктен бөлек тігін тігіп, жан-жануарлар әлемін терең тануға зейін аударады. Ол қазір бейнелеу өнерінің  қыр-сырын меңгеруде. Табандылық пен төзімділікті табиғаттың өзгеше жаратылысынан алатынын айтады. Шалғай ауылдағы шабыт иесін суретшінің туған елі жоғары бағалайды. Қарапайым ауылдың қаршадай қызын республикаға танылуына себепкер болған да сол ауылдастары. 

 

Р.S. Әңгімемізді қор-ытындылар болсақ, талантты жанға тұсау жоқ. Біз бүгін сөз еткен өнерлі өреннің тырнақалды туындылары кәсіби мамандардың өзін таңқалдыруда. Алыс ауылдан шыққан суретші алдағы уақытта да бойындағы дара дарыны арқылы дүйім жұрттың ықыласына бөленіп, өнердегі өр биігін бағындыра беретіні анық. 

Әділет ҚАНАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT