Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Құрманғазы ауданы Нұржау ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылында фельдшерлік-амбулаториялық пункт ашылды.
Жаңа ғимараттың ашылуына аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева, медицина қызметкерлері мен ардагерлері, ауыл тұрғындары қатысты. Жамбыл ауылында 600-ге жуық тұрғын бар, оның үштен бірі - 15 жасқа дейін балалар.
Жаңа ғимарат халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек. Мұнда 1 орта буындағы медицина қызметкері, 1 санитариялық қызметкер, 4 оператор жұмыс жасайды. Алдағы уақытта фельдшер маманымен қамтылмақ. Медициналық пункт дәрігерге дейінгі сапалы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге арналған. Мұнда тұрғындар ем-шаралар мен қабылдау бөлмесінде қажетті медициналық қызмет ала алады.
-Жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункт заманауи талаптарға сай медициналық кабинеттермен жабдықталған. Мұнда ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған физиотерапия, екпе, акушерлік кабинет, қақырық талдау бөлмесі, процедуралық кабинет, дәріханасы бар фельдшер кабинеті, тіркеу бөлімі, информатизация кабинеттерімен толықтай жабдықталған. Ғимарат ауыз су құбыры мен кәріз жүйесіне қосылған. Құрылысты жүргізген мердігер мекеме “А3 групп” ЖШС. Теңіз ауылдық округінің дәрігері Айберген Сұлташев аптасына бір рет келіп, медициналық қызмет көрсетеді, -деді ауданның бас дәрігері Саида Зулкашева.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Абат Жанғалиев: -Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Атырау облысында 18 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған. Ауданымызға қарасты медициналық нысандар біртіндеп халық игілігіне ұсынылуда. Бүгін екінші ғимаратты салтанатты түрде ашып отырмыз. Жаңа жылдың қарсаңында есігін айқара ашқан нысан – ауыл тұрғындарына сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсететініне сеніміміз мол-деді. Медициналық пункт облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы негізінде салынды.
Айнагүл Шакупова


