Жамалған жолдың жаңарғаны бар болсын

(0 Votes)

Астрахань мен Атырау арасындағы республикалық маңызы бар күре жолды қайта төсеу биыл жүргізілмейтін болғанмен оны жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Жол азабын жүрген біледі» дегендей, ол жасалғанша осылай күреп, жүруге жарамды етіп ұстағанның қарым-қатынас үшін маңызы зор. Тегістеу жұмыстарымен айналысып жатқан «Қазақавтожол» ЖШС Атырау облыстық филиалының Құрманғазы аудандық №83 жол пайдалану учаскесі. Аталған мекеменің басшысы міндетін атқарушы Нәзиолла Тілеуғалиевпен кездесуіміздің сәті түсті. Жұмыс басында жүрген басшы бізбен әңгімесінде:

- Биылғы жылдың сәуір-мамыр айларынан бастап жол жабындысы ойықтарын жамаумен айналыстық. Сәуір айында 2000, мамыр айында 1700 текше метр жол жабындысы жөнделді. Қазір бұл жұмыстарды ары қарай жалғастырып, ауданымыздың шекарасы 794-ші шақырымға барып қалдық. Салқын асфальт Ақтөбе қаласынан Атырауға әкелініп, одан автокөліктермен бізге жеткізіледі. Жол бойындағы 804-ші, 786-шы шақырымда конустар бар, сонда түсіріп аламыз. Басында он жұмысшы жататын вагон ұйымдастырып, «Камаз» автокөлігін, тиегіш техникаларды, сұйық битум құйылған қазанды тасымалдайтын тракторды, өзі жүретін катокты шоғырландырып, сол жерге қонып жұмыс жасаймыз. Бұл жұмыспен жол шебері Өміржан Рысқалиев бастаған «Камаз» автокөлігі жүргізушісі Сәрсенбай Рахымғалиев, жұмысшылар Альберт Сыдыхов, Болат Әбдірешов, Петр Решетников, бірнеше жұмысты атқарып жүретін дәнекерлеуші Өмірбек Танашевтар айналысуда.

Сонымен қатар, біздің учаскенің жұмысшылары Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы – Астрахань бағытындағы автожолдың 755-ші шақырымдары мен 893-ші шақырымдары аралығында жол бойындағы тұрмыстық қоқыстарды да уақтылы тазалап отырады. Аталған жолдың бойында 13 көпір, 26 су өткізу құбырлары бар. Құбырлар дабыл бағандарымен белгіленген. Соларды дер кезінде тазалап, сырлаймыз. Өздеріңіз көріп жүрсіздер, көпірлер иін бұрышты және темір қоршаулармен қоршалған. Оларды да көктем мен күзде, екі мезгіл жаңартамыз. Оның бәрі метрмен есептеледі. Тапсырыс беруші «Қазавтожол» ҰК» АҚ басшылары. Мекеме ай сайын бізге тапсырыс береді, соған сәйкес жұмыс жасаймыз. Тапсырмалардың орындалуын көзбен көріп,тексеріп қабылдайтын біздің өңірге бөлінген өкілдер Бекбол Мұқашев пен Қайрат Кенжеғалиев өз жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарайтын азаматтар.

Қиғаштың үстіндегі Ресей мен Қазақстанды бөліп тұрған көпірді күтіп ұстау да бізге жүктелген. Үстіндегі 22 жарық шамдарын белгіленген мекемелер ауыстырады. Шекарашылардан рұқсат алып шығып, көпірдің үстінде де жөндеу жүргіземіз. Көмектесіп, кідіріссіз өткізетіні үшін ризамыз. Аудан әкімдігі тарапынан да үлкен көмектер болып тұрады. Ақылы қоғамдық жұмыстағы адамдарды бөліп, жол бойын тазалауға атсалысады. Бірігіп жасаған жұмыстың нәтижесі әрқашан көрініп тұрады ғой, - деді. Жол қатынасын жолға қою басты міндеттері болғандықтан мекеме қай ауданға да бара береді. №83-тің жігіттері Доссорда, Құлсарыда, Индерде, Махамбетте де жұмыс жасайды. Басшының айтуынша қызметкерлері айлықтарына риза. Жүрген уақыттарына сенбі, жексенбі күндері де төленеді. Бәрі де қысқы-жазғы мерзімдік арнайы киімдермен қамтылған.

- 893-ші шақырымды, Байда ауылдық округіндегі жолды да толықтай қараймыз. Котяев пен Орлы арасындағы жол жабындысының бұзылып кетуіне байланысты жоғарыдан тәртіп болып, соны қырып, тегістедік. Халық жұмысымызға риза. Дегенмен, түсінбеушіліктер де жоқ емес. «Шаң шығады» деп жатады, оны жоюға әзірге мүмкіндігіміз шектеулі. Үстіне асфальт төсеу қайта жаңғырту кезінде ғана жүреді, оған қаржы қаралмаған. Жаңбыр жауып ылғалданса, су жиналған жерлерін дұрыстап отырмыз. Тегістігін сақтау ғана біздің құзырымызда. Жолдағы ойықтарды биылғы жылы түгелдей жамау жөнінде облыстан тапсырма келді. Бұйырса, күзге дейін бітіреміз. Ең болмаса осылай жамап-жасқап ұстап отырсақ, соның өзі жүргізушілерге үлкен көмек. Атырау-Астрахань жолын салумен айналыспаймыз, біз күтіп ұстаушы мекемеміз, - дейді Нәзиолла Тілеуғалиев.

Мекеменің материалдық-техникалық базасына келсек,1 «Камаз», 4 «МТЗ» тракторы, Қостанайдан шыққан «Sanion» маркалы жеңіл қатынас көлігі, 2011 жылы келген тіркемелі вагонмен қамтылған. Вагонның суы, газы, сегіз орындық жататын орны бар. №83 жол пайдалану учаскесінен шыққан Әділбек Телеуғалиевтің Доссордағы жол пайдалану учаскесінің бастығы болып, тағы бір маманның «Атыраужол» зертханасында жұмыс жасап жүргенін әріптестері мақтан тұтады екен. Айта кетер жайт, мекеме жол жабындысын жөндеуді аяқтай келген, енді 17 шақырымы ғана қалып тұр. Жолаушылар мен жүргізушілердің қиындық көрмеуін ойлап, қолда бар азын-шоғын техникаларымен уақытпен санаспай жол үстінде жүрген №83 жол пайдалану учаскесінің жұмысына жетістіктер тіледік.

Қ.ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT