Неміс-фашист басқыншыларын өз арасында талқандап, Рейхстагқа Жеңіс туын желбіреткен күнге де 75 жыл толып отыр.
Жеңіс күні жыл санап қашықтаса да батыр аталарымыздың ерлігі ешқашан көмескіленбейді. Өйткені ерлік пен елдіктің үлгісі, отаншылдықтың кепілі болған ардагерлер кейінгі ұрпақ жүрегінде мәңгі сақталары анық. Қазір майдангерлер ортамызда жоқ. Бірақ олардың қаһармандығы мен қайсарлығы, жанқиярлығы мен табандылығы ел тарихына алтын әріппен жазылды. «Ер есімі –ел есінде»,- деп дана қазақ бекер айтпаса керек.
Ел басына күн туып, батыстан баса көктеп жау келгенде қолына қару алып, қасқайып қарсы тұрған жас жігіттің бірі – Шұғай Тілеуғалиев болатын. Ол 1924 жылдың 15 қазанында Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Ботахан ауылдық кеңесінде дүниеге келді. 1941 жылы Алғадағы Ленин атындағы орта мектепті аяқтаған кезде сұрапыл соғыс басталып, дүние астан-кестен болды. Жүрегі «елім, жерім»-деп соққан балаң Шұғай соғыс басталғаннан кейін шамалы уақыттан соң аудандық әскери комиссариатқа келіп, майданға сұранады. Бірақ, жасы 18-ге толмағандықтан, оның өтініші аяқсыз қалады. Ауылда колхозда әртүрлі жұмыс жасай жүріп, ол 1942 жылдың 21 сәуірінде әскерге шақырылып, Гурьевке келіп жаяу әскер училищесіне оқуға жіберіледі. Оны аяқтағаннан кейін сол жылдың жазында 326-шы атқыштар дивизиясының 178 атқыштар полкінде қызметін бастайды. Шамалы уақыттан кейін, яғни, 1942 жылдың желтоқсанынан 50-і атқыштар дивизиясының 150-ші атқыштар полкінде атқыштар взводының командирі болып, Сталинград түбіндегі жойқын соғысқа қатысады. Талай рет жаумен бетпе-бет келіп, жауынгерлерін бастап алға шапқанда 2 рет жеңіл жарақат алады. Жас командирдің алғашқы марапаты – «Ерлігі үшін» медалі еді. 1944 жылы 23 маусымда Шұғай Тілеуғалиев бастаған взвод жауынгерлері Сталино қаласы маңындағы шайқаста неміс траншеясына басып кіріп, қолма-қол шайқасады. Жаужүрек қызыл әскерлер сол ұрыста немістің 100-ге жуық солдаттары мен офицерлерін жояды. Бірақ, взвод командирі сол қолынан ауыр жарақат алса да ұрыс даласын тастамайды. Жазылып шыққаннан кейін ол бірнеше айдан соң тағы да ауыр жарақат, бұл жолы ішіне оқ тиіп, біраз жатып емделеді. Он сегізінде от кешкен Шұғай Тілеуғалиұлының майдандардағы жауынгерлік жолы Сталинград, Сталино, Оңтүстік майдан, Балтық жағалауы майданы, Белорусь майданы, Кенигсберг болып жалғасады.
Сталино түбіндегі взводымен көрсеткен ерлігі мен табандылығы, қайсарлығы үшін Ш.Тілеуғалиев «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Бірақ, бір емес екі рет ауыр жарақат алған ол 1944 жылдың желтоқсан айында кіші лейтенант шенімен елге оралады.
Майдангер офицер мүгедек екенмін деп қол қусырып отыра алмай, аудандық әскери комиссариатқа жұмысқа орналасып, жас ұрпақты отаншыл, ұлтжанды болуға баулып, оларды еңбекқор, адал, қайырымды болуға шақырды. Болмысынан байсалды да байыпты, ұқыпты да тиянақты Шұғай аға мен майдангермін деп кеуде соққан жоқ. Сол сияқты соғыс туралы көп әңгіме айтуды да онша көп ұната бермейтін. Өйткені, ол соғысты кинодан көрген жоқ, өз басынан өткізді. Сондықтан, ол үшін соғыс жөнінде әңгімелеу ауырлау тиетін еді. Әскери комиссариаттан кейін Шұғай аға біршама жыл аудандық партия комитетінде бас есепші болып еңек етті. Қайда жұмыс жасаса да майдангер аға қызметіне асқан ұқыптылықпен қарап, өзгелерге үлгі болды, сый-құрметке бөленді.
Шұғай аға 1948 жылы Ғинаят Ниғметова деген қызбен дәм-тұз жарастырып, отау тікті. Ағаның жан-жары Ғинаят апай көп жылдар бойы аудандық №2054 жинақ кассасында бас есепші қызметін мінсіз атқарды. Жарасымды жанұяда дүниеге 2 қыз, 3 ұл келді. Бердамир деген ұлдары шетінесе, қалғандары Сәуле, Мәулен, Абат, Ахаттары отбасылы болып, бұл күнде немере-жиендер желкілдеп өсіп, аталарының ерлік жолдарын мақтан тұтып жүреді. Сәуле 70-тен асып, білікті дәрігер атанып Алматыда тұрса, Мәулен экономист болды, қазір бақилық. Кенжелері Абат пайғамбар жасына жетсе, Ахаттары да алпысты алқымдап келеді. Өмір-өзен бір орнында тұрмайды. Алдыңғы толқын кейінгі толқынға жол береді. Ұрпақ сабақтастығы жалғаса береді. Ал, ерлік пен елдік – мәңгілік. Қайсар бабалар елімізді талай жаудан қорғады. Жерімізді жау таптамай, жеткіншектер жетімдік көрмей өссін. Бейбіт елдің аспаны ашық, дұшпаны қашық болып, көк байрағымыз биікте желбірей бергей.
Ұрпақтарының өтініші бойынша дайындаған А.Ғұмаров