Жалғыз басты анаға үй сыйлады

фото: редакция қорынан
(0 Votes)

Құрманғазы аудандық «Темірәлі» мұсылмандар мешітінің жамағаты және қазақ елі жиналып, тағы бір отбасына үлкен қуаныш сыйлады.

Бұл жолы Жаңаталап ауылдық округіне қарасты Шағырлы ауылының тұрғыны, бұған дейін ескі мәзіңкі үйде тұрып келген жалғыз басты ана Жұлдыз Сариева баспаналы болды. Осы сауапты істі ұйымдастырып, басы-қасында жүрген, «Темірәлі» мұсылмандар мешітінің бас имамы Еламан Бегалиевтің айтуынша бұл мешіт жамағаты жинаған қаражатқа ауданымыз бойынша сатып алынып, мұқтаж адамдарға беріліп отырған тоғызыншы үй. Алда тағы да екі үй сатып алынбақ.

Екі бөлмелі үйдің алдына керілген лентаны «Темірәлі» мұсылмандар мешітінің бас имамы Еламан Бегалиев пен Ж.Сариеваның 7 жасар қызы Аяулым қиды. Үй тап-тұянақтай болып, көз тартып тұр.

Бас имам мен аудандық мәслихаттың депутаты Әнуарбек Сәбитов құтты қоныс болсын деген ізгі тілектерін жеткізіп, демеушілік жасаған мешіт жамағаты мен кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді.

Баспаналы болған жас ана Жұлдыз Сариева:

– Өзім Теңіз кен орынында вахталық жұмыстамын. Балаларымның үлкені 9-да, кішісі 7 жаста. Бүгін жаңа үйге қол жеткізіп қуанып жатырмын. Бұл көптен бергі арманым еді. Ауданымыздың имамы мен кәсіпкер ағаларыма, халқымызға шын жүректен ризамын! Жасаған жақсылықтарыңыз алдарыңыздан шықсын! Алла разы болсын! Барлығыңыз атсалысып, бізді өте қиын жағдайдан алып шығып жатсыздар, – деді толқи сөйлеп.

Аудандық «Темірәлі» мұсылмандар мешітінің бас имамы Еламан Бегалиев Құран оқып, бата беріп, аудандық мәслихаттың депутаты Әнуарбек Сәбитов отбасының мүлкін жеткізетін көлік бөлінгенін және аудан кәсіпкерлері кір жуатын машина, кілем, жаңа ыдыс-аяқтармен көмектескелі отырғандарын, балалары Ақкөл орта мектебіне оқу орналастырылатынын айтып қуантып тастады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT