«Nur Otan» партиясының "Самаркин" бастауыш партия ұйымында праймериз өткізу ережелерін таныстыру мақсатында аудандық семинар өтті.
Семинар жұмысына аталған партияның Атырау облыстық филиалының персоналды басқару жөніндегі кеңесшісі Данагүл Досқалиева, ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің кеңесшісі Құтжан Құлмашев, «Jas Otan» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Ринат Ғилажев, «Самаркин» бастауыш партия ұйымының төрағасы Қабдрахим Бисенғалиев пен ұйым мүшелері, округтердегі бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қатысты. Шараны «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының есеп және статистика секторының меңгерушісі Ақынжан Хұсайнов жүргізді.
«Jas Otan» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Ринат Ғилажев: – Праймериз Қазақстанда наурыз айының 30-нан бастап мамырдың 16-сына дейін өтеді. Яғни, праймериз бойынша партияның кадрлық резервіне өз еркімен тіркелгеннен кейін сәуір айының 15-сіне дейін құжат қабылдаймыз. Қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін өтініш жазасыздар. «Мен түбінде Мәжілістің, облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттығына сайланамын, ауылдық жерлерде шешілмей жатқан мәселелерді «Nur Otan» арқылы көтеремін» дегендер алдағы сайлауға қатысуына болады. Бүгінде партияның сайлауалды бағдарламасы жасақталды. Оның ішіне алдағы 5 жылда аудан, облыс, қала бойынша атқарылатын жұмыстар кіргізілген. Соның негізінде партияның кадрлық резервіне өтуші үміткерлер өзінің сайлау алды бағдарламасын жасақтайды. Оған қазіргі есеп берулердегі қалыптасып қалған статистика емес, нақты атқарылатын жұмыстар енеді. Мысалы «мына мектепті бір жылда бұзып, кері салып беремін» деген жалған уәденің керегі қанша? Халық оған сенбейді. «Биыл күрделі жөндеуін жүргізуге жұмыстанамын», десеңіз сайлаушылар қолдайды. Айтқан сөзіңізді нақты іспен дәлелдей алатын болсаңыз ғана халық сенімін артады, - дей келе алдағы күндерде өтетін партияішілік іріктеуге, дебаттарға тоқталды.
Сонымен қатар праймериздің тиісті дәрежеде өтуіне «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы мен оның бірінші орынбасары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары жауапты екенін қаперге берді.
Соңында «Jas Otan» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Ринат Ғилажев қатысушылар тарапынан туындаған түрлі сұрақтарға жауап қайтарды. Осындай кездесу Үлкен Ганюшкин бастауыш партия ұйымымен де өтті.
Қанат ҒҰМАРОВ