Соңғы уақытта адамдар көп жиналатын сауда орталықтары, демалыс саябақтары, банктер, мектептер, әуежай, тағы да басқа жерлерде жарылғыш заттардың орнатылғандығы жайында жалған ақпарат беріп елді дүрліктіретіндер азаяр емес. Бүкіл әлем елдерінде терроризм қаупі өткір тұрған шақта мұндай хабарларға бейжай қарауға болмайтыны түсінікті жайт. Тәртіп сақшылары, арнайы мамандар адамдарды қауіпсіз аймаққа эвакуациялап, сезік тудыратын бөтен заттарды іздеуге дереу кіріседі. Көп жағдайда бұл ақпараттар расталмай тек босқа әуре-сарсаңға салып жатады.
Бұл турасында Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Ерлан Биғамбаевтан сұраған едік.
- Терроризм әлем жұртшылығын алаңдатып отырғаны белгілі. Осының негізінде қазіргі уақытта терроризм бойынша қылмыстық жауапкершілік қатаң бақылауға алынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273 бабы бойынша дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін қатаң жаза қарастырылады. Жалған ақпарат берушілер елді дүрліктіріп қоймай, мемлекетке де материалдық шығын әкеледі. Нысанның ырғақты жұмысы тоқтайды, жарылғыш затты іздеуге, залалсыздандыруға көп адам жұмылдырылып, орынды оқшаулау, адамдарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жүргізіліп, төтенше жағдай жарияланады. Біреудің ойланбай жібере салған жалған хабары біраз қызметті аяғынан тік тұрғызады. Оның тасада отырып, «мені кім біліп жатыр» деген сұрқия харекті бәрібір әшкереленеді, заң алдында жауабын береді.
– Осындай «әзілкештердің» бұл әрекетін немен түсіндіруге болады, заңда тәртіпті бұзғандарға қандай жауапкершілік көзделген?
- Мұндай құқық бұзушылыққа баратындарды түсініп болмайды, бірі ішіп, бірі шегіп алып масаюдың салдарынан барса, енді біреулері ерегесіп істейді, енді бірі қызық үшін қылмысқа барады. Ақыл тоқтатқан ересектер осылай шалалыққа барып жатса, кәмелетке толмағандардың балалығын түсінуге болар. Алайда, олар да бұл жазадан сытылып кете алмайды. Еліміздің Қылмыстық кодексінде он төрт жасқа толғандардың жауапкершілікке тартылатыны жөнінде нақты айтылған. Бір қызығы, статистикаға сүйенсек, 25 пайызға жуық терроризм туралы жалған хабар 14 жасқа толмаған жасөспірімдерден түсетін көрінеді. Осындай жалған ақпар таратып елді әбігерге салатындар, телефон бұзақылары қалай бүркемелендім десе де жазадан қашып құтыла алмайды. Оған себеп, шұғыл қызметтердің жаңа техникалық құрылғылары қоңыраудың қай жерден түскенін тез анықтап береді. Тіпті, ұялы телефондарды да анықтай алады. Қоңырау шалған адамның атын, тегін, мекенжайын көрсетіп беретін компьютерлік бағдарламалар да бар. Қоңыраулар үнтаспаға жазылып отыратындықтан, қауіп-қатер дабылы түскен бойда шұғыл қызмет өкілдері іске кіріседі. ҚР Қылмыстық кодексінің 273 бабы бойынша қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтар мен ұйымдардың құқықтары, заңды мүдделеріне елеулі түрде зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратушыларға бірнеше еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаға кесіледі.
- Ерлан Валерийұлы, соңғы сұрағым болсын, жалған ақпарат таратушылардың ойланбай істеген әрекеттерін жазаға тартудан басқа қалай қойдыруға болады?
- Әрине, кең ауқымды түсінік жұмыстарының арқасында бұл жаман ғадеттен арылуға болады деп ойлаймын. Осы мақсатта қарапайым халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруымыз қажет. Шынымен де екінің бірі мұны біле бермейді, соның салдарынан қылмыстық жауапкершілікке душар болады. Сол білместіктіктің кесірінен «ойнап жүріп от басып» өкініп жатады. Кешірім сұрап, құлдық ұрып аяққа жығылғанымен тиісті жазасын бәрібір алады. «Телефон террористері» жасөспірімдермен де пәрменді үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бұл істе мектеп мұғалімдерінің көмегі қажет-ақ, құқық қорғау қызметкерлеріне қарағанда олар мән-жайды жақсы жеткізеді. Себебі, ұстаздар бала жанын жақсы түсінеді ғой. Қазіргі уақытта аузым бар деп жөн-жосықсыз айта беретіндер, әлеуметтік желіге жазба жіберетіндер жиі кездеседі. Күні кешегі Арыста болған жарылыс оқиғасында да «бірнеше адам шығыны болыпты» немесе «жарылған бомбалардан радиация тарап жатыр, адам өміріне қауіпті» деген негізсіз қауесеттер таратып елді үрейлендіріп қойғанын білесіздер. Бұл ақапараттың бірі де анықталмады, жалған байбалам салғандар қазір заң алдында жауап беріп жатыр. Мұндай әрекеттерге бармас бұрын оның неге әкеліп соқтыратынын ойлану керек. Тоқ етерін айтқанда, түсінік жұмыстарымен халықтың сана-сезімін жетілдіріп, ойын, іс-әрекетін дұрыстыққа бағыттауымыз қажет.
Сұхбаттасқан А.НӘЖІМОВ