Жақсының аты өшпейді

(0 Votes)

Одақ тұсында «Құрманғазы»,  «Партияның XXV съезі»  кеңшарларын басқарып, туған жеріміздің  дамуына үлесін қосып, ел игілігін еселеген Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Харес Биляшев  тірі болса биыл 85 жасқа толар еді. Осыған орай ауданға танымал азаматтар, ауылдастары, ұрпақтары, туыстары бейітінің басына барып, гүл шоқтарын қойып, жиын ұйымдастырып, сағынышпен еске алды. 

Дыңғызыл ауылдық округінің әкімі Оралбай Азимов: – Жақсының аты өшпейді. Ауданымызда ұзақ жылдар еңбек етіп, еліне елеулі, халқына қадірлі болған, Тәуелсіздік тұсында  ауылымызды дамытқан,  күні бүгін жұмыс жасап тұрған «Құрманғазы» өндірістік  кооперативін құрған Харес Биляшев ағамыздың  85 жылдығы  құрметіне іс-шаралар жоспары жасақталды. Алға қарай соның аясында ауданымызда, ауылымызда  түрлі шаралар өтеді. Бүгін соның бастамасы ретінде, басына келіп, еске алып, Құран бағыштап жатырмыз, – деп алыстан, жақыннан арнайы келген қатысушыларға ризашылығын білдірді.

«Ақжонас» ЖШС төрағасы Мұқар Шаяхметов: – Харис Биляшұлымен жұмыстас болдық. 1986  жылы аудандағы «Партияның XXV съезі» атындағы кеңшарға директор болып келді. Ол кез аталған кеңшардың артта қалған, шаруашылығы қожырап,  жүріңкіремей тұрған уақыты еді. Мен мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс жасайтынмын. Маған: «Мектепте неғып жүрсің, кеңшарға келсейші» деп шақырған соң кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқардым. Артта қалған шаруашылық Харес ағамыз  келген соң көтеріліп, 1989 жылы ВЦСПС-тің Қызыл туын жеңіп алдық. Бүкіл өндіріс бойынша үлкен жетістіктерге жеттік. Халықпен тығыз байланыста жұмыс жасады. Харекеңнің бір дауыс көтергенін көрмедік. Өзі сондай ибадатты, жәймен жүріп барлық жұмысты тындыратын. Денсаулығы нашар болып, көлігінде бір дорба дәрісі бірге жүрсе де күні-түні еңбек етті. Үлкен шаруашылықты көтергендіктен бұрынғы Партьсъезд, бүгінгі Жұмекен ауылындағы халықтың бәрі де ол кісіні қатты құрметтейді, «Харекең барында шаруашылық осындай дәрежеге жеткен», деп жиі еске алады. Бәріміз де Харис Биляшұлымен қызметтес болған жылдарда үлкен тәжірибе жинадық, – дей келе, шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. 

Келесі кезекте Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары «Құрманғазы» ӨК-нің төрағасы Сабыржан Сұлтанов, осы шараны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген прокуратура ардагері Ғизатолла Мүрсалиев, Құрманғазы кеңшарында бірге жұмыстас болған адамдар  және басқалары сөйлеп Харес Биляшұлын жылы лебізбен еске алды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT