Жайылымдық жерлердің тапшылығы жойылады

(0 Votes)

​Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған жаңа Жолдауында ел дамуының басты бағыттарын қамтыған. Онда алда атқарылар жұмыстар саралап көрсетілген. Ой елегінен өткізіп қарасақ, бәрі де бүгінгі күннің талабымен өзара үйлесім тапқан.

Бізге қалып тұрғаны, оны лайықты түрде жүзеге асыру. Қазіргі таңда еліміздің қай өңірін алып қарасаң да тұрғындар жайылымдық жерге зәру. Оның тапшылығының салдарынан ауылдық жерлерде малмен күнелтіп шаруа иелері мал басын өсіре алмай отыр. Бүгінде төрт түліктің көбі қыстақ пен жайлаудан гөрі ауыл маңында жайылады. Сондықтан ол жерлер қазіргі уақытта азып-тозған, табиғи өнімділігі төмендеген. Жалпы, ата бабаларымыз алдындағы төрт түлігін бағып өсірудің жағдайын жақсы меңгерген халық. Ежелден жайылымдық жерлерін жаздық, күздік деп жыл мезгілдеріне қарай бөліп отырған.

Ауданымызда да жеке қожалықтарда мал саны көбеюде. Алайда, төрт түліктің артуы елді мекендердегі жайылымдық жердің тарылуына әкеліп соқтырып, өзекті мәселеге айналды. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп жайылым мәселесіне қатысты батыл шаралар қабылдау қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауын жариялау кезінде мәлімдеді.

«Жайылымдық жерді тиімді пайдалану өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған», – деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы әкімдерге қатысты ескерту айтты. «Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет», – деді Қ. Тоқаев.

Жолдауда көтерілген мәселелер шешімін тауып, лайықты жүзеге асса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

 

Сабыржан Сұлтанов,

облыстық мәслихат депутаты,

«Құрманғазы» өндірістік кооперативінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT