Жайылымдық жерлер тарлық етуде

(0 Votes)

Бірлік ауылдық округінің әкімі Бауыржан Ақпанов тұрғындар алдындағы есеп беру жиынында өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады.

Есепті мерзім ішінде 32 адам ақылы қоғамдық қызметке тартылды. «Тұрмыстық қызмет» МҚК мекемесі сенімді басқару арқылы Бірлік, Амангелді ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен толық қамтып отыр. Су желісі 22,21 шақырымды құрайды. Кәсіпкерлік бағытында 2018 жылы 4 дүкен ашылып, ауыл тұрғындары игілігін көруде. Мәдениет үйін тұрғызуға жер бөлініп, жобалау-сметалық құжаттары жасақталды. Сараптамадан өткеннен кейін қаржысы бөлінеді. Сметалық құны 26 млн. 301 мың теңгені құрайтын су тасқынынан қорғайтын бөгет салу жұмыстары жүргізілді. Ауылішілік жол салу құрылысы биылғы жылы аяқталады деп күтілуде. Сібір жарасының қауымы ветеринариялық заңдылыққа сәйкес қоршауға алынды, - дей келе, Бірлік ауылдық округі әкімі аппаратының 2018 жылғы бюджеті 26 млн. 67 мың теңгені құрап, ол өз мақсатына толықтай жаратылғанын қаперледі.

Сөйлегендерден зейнеткер Абай Есеев «Астрахань-Атырау» тас жолының құрылысы қашан басталатынына, аудандық мәслихат депутатының жергілікті жерден неге сайланбайтынына таңданысын білдіріп, өткен жылдың аяғында кешкі мезгілде жарықтың жиі сөнуінің себебін сұрады. Ауыл тұрғыны Елтай Досқалиев жылыту жүйесі өшкен жағдайда оның ақауын қарайтын қызметкердің жоқтығын айтса, білім саласының ардагері Нариманбек Шолтыров сауда нүктелеріндегі тамақ бағасының қымбатшылығы мен такси төлемінің шарықтап кетуіне ренішін жеткізіп, қоғамдық тасымалды ұйымдастырудың мүмкіншілігін қарастыруды өтінді. Ветеринар дәрігер Самат Аманғалиев Амангелді ауылында көлік жылдамдығын шектейтін жол белгілерін орнатудың қажеттілігін ескертіп, күні бүгінге дейін ол жерде орын алған келеңсіз фактілерді алға тартты.Еңбек ардагері Рапих Қабиев жыр болған клуб мәселесі тездетіп шешілсе деген тілегін жеткізсе, ауылішілік жол құрылысына байланысты да кейбір ұсыныстарын айтты. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәдениет Хамзаев зираттарды қоршау жайына алаңдаушылық білдіріп, жайылымдық жерлердің тарлық ететінін ескеруді сұрады. Зейнеткер Рафих Рамазанов ауылдың кіре берісіндегі арналардың тамағын кеңейту, қазу жұмыстарын ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталып, қазіргі таңда бұл жерге қайықпен жету балықшыларға үлкен қиындық келтіретініне тоқталды. Қойылған сұрақтар бойынша әр сала басшылары нақты жауаптарын берді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев аудан көлемінде атқарылған жұмыстардан хабардар етіп, алда тұрған міндеттерді саралады. Тұрғындар бірауыздан округ әкімі Б.Ақпановтың жұмысын «қанағаттанарлық» деп бағалады.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT