Жайық құрғап барады, Жайық құрғап...

(0 Votes)

Жайық құрғап барады, Жайық құрғап,

Хабар жетті мұңы ауыр, айықтырмас.

Толқын басын кегжитіп, неден налып,

Бізді тастап қай жаққа тайып тұрмақ?

Бізді тастап кетеді неден налып,

Ақ Жайықсыз қайтеді, ел мен халық.

Шағаласы ойқастар ойбай салып,

Күміс қанат танытпай кердең қалып.

 

Ғаламаты ғасырдың – от қысты ма,

Жайлы өзенім бермейтін көп қыстыға.

Қасықпенен ұрттардай хал кешкен соң,

Ең тынышы – бу болып көкке ұшты ма?

 

Ана суым, ардағым, Ақ Жайығым,

Сыңсып салған санамда қаздай үнің.

Еміренген өзіңе қайран жұртың,

Сенсіз кімнен сұрайды жаз қайырын.

 

Кетер шағың осы ма ғайыпқа асып,

Мөлдіріңді жағаңа жайып, шашып.

Аралшықтар тереңін алмастырса,

Енді қайтып жатпайды Жайық тасып.

 

Қайтып енді келеді басы ретке,

Шағымызда көздердің жасы кепкен.

Жайық кепсе құрғайды ындынымыз,

Ақ Жайықтың бұл халі – қасірет де!

 

Елжандылар қалайша шүкір етпек,

Соған ауғай, ақыл-ой, бүкіл ес тек.

Ақ Жайығы қазақтың құрғап жатқан,

Сілкінетін кез келді үкіметке.

 

Қайтіп суға толады кең кемері,

Құба талдар жағада теңселеді.

Қолдау керек, қалғымай ел-жұрт бірге,

Сенаторды Сәрсенбай Еңсегенов.

 

Жайық құрғап барады, Жайық құрғап,

Хабар ғой бұл үрейден айықтырмас.

Жандасқанның ұрпағы Жайық үшін,

Біле отыра бұл жайды байып қылмас.

 

Құдай қайта бермейді үр жаңасын,

Амал – айла қылайық құрғамасын.

Бабалардың рухы разы болсын,

Қалай, қайтіп бөлейміз нұрға басын?

Таңатар Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT