Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектепте «Жайдарлы жас қанат!» атты 9 сыныпты аяқтағандарға негізгі орта білімді бітіргендігі туралы аттестат тапсыру салтанаты болып өтті.
Мектеп директоры Сандуғаш Қапуова шараға жиналғандарға қош келдіңін айтып, қолдарына алғашқы құжаттарын алғалы отырған 62 түлектің ішінен 6 оқушы «үздік» аттестатқа ие болғанын атап қошеметпен табыстады.
Салтанатқа арнайы шақырылған Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса, аудандық мәслихат депутаты Болатбек Өтегенов, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Базарбай Өтеулиев оқушыларды мектеп өміріндегі елеулі күндерімен құттықтап, аттестат тапсыру рәсімін жасады.
Шараның екінші бөлімі ұшқан ұяларына 50 жылдан соң қайтып келген сол кездегі «Каспий» сегізжылдық мектеп түлектерінің ұшқан ұяға тарту-таралғысымен жалғасты. Самайларын ақ қырау шалған түлектер бұл күнге орай мектептің тарих пәні кабинетінен «Жайлы сынып» жасауды ұйғарыпты. Болашақта мұнда өлкетану бұрышы жасақталатын болалы. Әзірге бірінші экспонат ретінде «Мектеп тарихының белестері» атты үлкен көрнекілік қойылды. Онда 1958 жылы Мәжит Қадыров деген азаматтың Тәжібай ауылынан 4 сыныптық білім ордасын ашуы, 1961 жылы оның «Каспий» сегізжылдық мектеп болып өзгеруі, ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан батыр Бауыржанның есімі берілуі, мектепке үш қабатты жаңа үлгідегі ғимарат салынуы бейнеленген тарихи деректер көрініс береді.
«Жайлы сыныптың» лентасын қию құрметіне 1974 жылғы түлектердің мұғалімі Жәннат Құрманғалиқызы мен округ әкімі Абдуррахман Рахметұлы ие болды. Тарих пәнінің мұғалімі Гүлжүзім Сансызбайқызы жарты ғасырдан соң ұшқан ұяға оралған түлектермен «Өткенге шолу» тақырыбында сынып сағатын өткізді.
Айбек ӘНУАРҰЛЫ