Жаңаталап ауылдық округіне қарасты клубта «Ана – тіршіліктің жүрегі» атты «Нұршуақ» әжелер ансамблінің 5 жылдық есеп беру шығармашылық концерті өтті.
Шараның шымылдығын аудан өнерпазы Гүлзада Жұмалиева «Той базар» әнімен ашты. Тұсау кесу, көрісу, асық ойнау сынды ұлттық дәстүрден театрландырылған көрініс қойылды.
Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп, әуезді әндерді нақышына келтіріп орындап жүрген «Нұршуақ» ансамбілінің ақжаулықты әжелері көрерменнің қошеметімен сахна төріне шақырылды.
Ансамбльдің тарихымен танысу үшін лед экран арқылы бейнеролик ұсынылды. Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Сұңғат Бралиев құттықтау сөз сөйлеп, топ құрамындағы өнерпаз әжелерді алғыс хатымен марапаттады. Ауылдық аналар кеңесінің төрайымы, Алтынсарин атындағы жалпы орта мектептің директоры Алтын Каменова ақжарма тілегін білдіріп, кеш иелеріне сый-құрметін көрсетті.
Шығармашылық концертте құрылғалы бері талай жетістіктерге жетіп, облыс, аудан сахнасында өнер көрсетіп, көрерменнің көзайымына айналған ансамбль мүшелері өз репертуарларындағы әсем әндерін орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сонымен қатар, Жадыра Оңашева, ансамбль жетекшісі Людмила Шамарданқызы, Рахат Кәусар, Нұржау ауылдық әжелер және аналар тобы. Заря Қуанышқызы, Раушан Сәрсенова, Толыбай Қажыгереев, Ерасыл Самиғоллаев, Гүлнарида Жолмұханова сынды әншілер өз өнерлерін ортаға салды. Ауылдық клубтың меңгерушісі Болат Бидоллаев кешті қорытындылап, ансамбльдің жетістігін саралап, сый-сияпатын табыстады.
Айнагүл Шакупова