Жаңаталапта инклюзивті білім беру кабинеті ашылды

(0 Votes)

Бүгінгі бала – ертеңгі азамат. Сол азаматты балабақшадан бастап болашақ өмірге бейімдеп, қолайлы ортаны қалыптастыруға үлес қосатын - білім беру ұйымдары болып табылады.

Мектеп қабырғасындағы инклюзивті психологиялық-педагогикалық қолдау кабинетінің болуы кез-келген баланың, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар баланың дамуы үшін кедергісіз, толерантты және достық атмосфера мен жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектепте әлеуметтік маңызы бар «Талаптан» жобасы аясында жаңа форматтағы инклюзивті білім беру кабинеті ашылды. Аталған жобаға қатысып, грант иегері атанған мектептің математика пәнінің мұғалімі Т.Зайыров болса, игі істің жүзеге асуына ықпал жасаған «Құрманғазы – туған жер» қоғамдық қорының басшысы Азамат Абдуллаев. Жаңа кабинет ерекше балалардың қоғамға бейімделуіне, шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін құрал-жабдықтармен, оқу-әдістемелік кешендерімен қамтамасыз етілген. Бұл сәйкесінше балаларға ыңғайлы да жайлы жағдайда сабақ өткізуге мүмкіндік береді. 

Ашылу шарасына қатысқан аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров ауылдағы ерекше білім беруді қажет ететін балалар енді мектепте қатарластарымен бірге оқи алатынын жеткізіп, аудан бойынша жоба негізінде ашылып отырған екінші кабинеттің жұмысына сәттілік тіледі.

Салтанатты лента қию рәсімін мектеп директоры Алтын Каменова мен аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров жасады. Шараға қатысқан округ әкімі Сұңғат Бралиев, «Құрманғазы – туған жер» қоғамдық қорының басшысы Азамат Абдуллаев ақжарма тілектерін білдірді. 

Бұдан кейін мектептің акт залында «Жомарт жүрек» мәдени шарасы жалғасын тауып, өнерлі оқушылар ұстаздарымен бірге концерттік бағдарламасын ұсынды.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT