Аудан орталығындағы стадион құрылысына барғанымызда жұмыс жүріп жатқанының куәсі болдық.
Екі адам ғимараттың жоғарын жабатын темір құрылғыларды дәнекерлеп құрастыруда. Бір топ адам ұлутаспен ішкі бөліктерін өруге кіріскен. Мердігер мекеме «СапаСтрой Констрэкшн» ЖШС басшысы Бауыржан Жұмаділовті сөзге тартқанымызда:
– Өзім Түркістан облысының тумасымын. 2006 жылдан бері құрылыс саласында жұмыс жасаймыз. Тәжірибеміз бар. Қазан айының 10-ынан бастап осында келіп, жігіттерді жұмысқа жұмылдырдық. 20 қазан күні толықтай бастадық. Қажетті материалдарды артығымен жеткізіп қойдық. Биылғы жылға бюджеттен қаралған ақшаны игереміз. Дәл қазір 15 адамды жұмыспен қамтыдық. Стадион құрылысын құдай қаласа келесі жылдың мамыр айына дейін аяқтауға тырысамыз. Жұмыс қарқынды жасалуда. Бізге ауа райы да қолайлылық танытып тұр. Бұл жақта қыс қатты болмайды деп естідік. Тоқтап қалмаймыз деген сенімдемін. Қазір төбесін жабуға жұмыстанып жатырмыз. Содан кейін терезелері мен есіктерін саламыз. Желтоқсан айында ішіне жылу жүйесін тартып, қыс бойы ішкі жұмыстарымен айналысамыз. Алла қаласа жұмысты толығымен бітіріп, стадионды елдің игілігіне тапсырамыз, – деді.
Учаске басшысы Сүйіндік Құлжігітовтің айтуынша жақында мердігер мекеме, техникалық қадағалаушы және жоба авторы қатысқан техникалық кеңес өткен. Кеңес барысында осыған дейін құрылысқа қолданылып жүрген 12х20 см ұлутастарды, ені үлкендеу 18х20 см түріне ауыстыруға шешім қабылданып, олар құрылыс басына әкелінген. Аздап қымбаттау көрінгенімен құрылыстың биіктігі 4х40 метрге жететіндіктен ұлутастың осы түрі тиімді көрінеді.
Сөз соңында стадион құрылысы жайлы қысқаша ақпарат бере кетсек, жалпы көлемі 2,14 га. Ғимараттың ұзыны 60, ені 20 метр. Жоба бойынша үстіңгі жағында 500 адамдық көрермендер отыратын орын болады. Астыңғы жағында спортшылардың киім ауыстыратын бөлмелері, жуынатын орындар, ұзыны 10 ені 5 метр конференц залы, сонымен қатар, мүгедектерге арналған жаттығу, күрес, үстел теннисі залдары, тренерлер бөлмесі, медпункт, витражды кіре беріс және басқа да қосалқы нысандар орналасады. Құрылыстың алдындағы алаңда футбол, шығыс жағында ұзындыққа секіру, атлетикалық жүгіру алаңдары, оңтүстік шығысында көлік тұрағы салынады. Алаңның төрт бұрышында жарық төгіп тұратын биіктігі 26 метрлік арнайы футбол діңгектері (мачта) орнатылады.
Қанат ҒҰМАРОВ