Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

(0 Votes)

Орлы ауылдық округіндегі Өнерпаз мәдениет үйінде мемлекеттік қызмет және білім беру саласында өзіндік  ізін қалдырған абзал азамат Абат Ерғалиевтің «Өмір өрнектері» атты кітабының тұсаукесер кеші өтті.

Теңіз ауылдық округі, мектеп ұжымы және ауылдық кітапхананың ұйымдастыруымен болған кеш А.Ерғалиевті бір минут үнсіздікпен еске алу, өмір жолына бейнешолу жасаумен басталды.

Округ әкімі Жандос Бектеміров аудан орталығынан арнайы келіп қатысып жатқан адамдарға үлкен ризашылық білдіріп: – Өзім де мемлекеттік қызметте Абат ағамызбен жақсы таныс болып, етене араласып жұмыс жасадым. Ол кісі округ әкімі болғанда мен аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы едім. Оның бергі жағында осы округте еңбек етіп жастардың болашақта білімді болып шығуына, ауылдың дамып, көркеюіне үлкен үлес қосқан азамат ретінде жақсы танимыз. Қазір: «Абат ағамыздың кезінде осындай болып еді», деп жиі айтылып жүр. Жасынан белсенді, күш-қайраты мен білімін елдің игілігіне жұмсады.Техникум бітірсе де алты жыл жарым мемлекеттік қызметте, ұзақ жылдар Н.Манаев орта мектебінде жұмыс жасағанда үлкен жетістіктерге жетті, – деп шараға сәттілік тіледі.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров: – Абат ағамызды мемлекеттік қызметте, білім беруде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуға, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан азамат ретінде сыйлап, құрметтейміз. Бүгін соңғы жылдары күнделік ретінде жазып, өмірден өзінің түйгендерін жинақтап дайындаған кітабын артында қалған ұрпақтары шығарып жатыр екен. Бұл өте жақсы бастама! Кейінгі ұрпақ, жас бүлдіршіндеріміз әдеби көркем шығарма, тарихи мұра ретінде оқиды, елдің қажетіне жарайды деп сенеміз, – дей келе әріптесі ретінде ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

Қазақстан Жазушылар одағының  аудандық филиалы төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев: – Округ әкімі, мектеп директоры болып жүргенде  де Абаттың біреумен жаға жартысқанын, ұстасқанын естімеппін. Оның ақындығын байқамай жүрген едім, оған бір қазалы жерге барғанда көзім жетті. «Мұндай өнерің бар екен, неге шығармайсың?», дегенімде  әзілге  айналдырып жіберді. Таңатар да: «Жақсы ақын ғой, тек өзін танытпады», дейді. Денсаулығы кемігеннен кейін жылдамдатып жаза бастады. Неге  ертерек қолға алмағанын білмеймін. Ол лауазымды қызметтерде де  өте кішіпейіл қалпынан айныған жоқ, – деді кеш кейіпкері жайлы әсерлі әңгімесін түйіндеп, кітабын шығартып жатқан қарындасы Рыстыға, келіні Жәмилаға, басқа да ағайындарына алғысын айтты.

Келесі кезекте Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев, ақын-жазушылар Нұрлығайын Нұғыманов, Таңатар Дәрелов, ардагер ұстаз Амангелді Хилауов «Өмір өрнектері» кітабының лентасын қиды. Білім беру, мемлекеттік қызмет, құрылыс саласының ардагерлері Сара Алпысова, Аманжан Тәкешев, Рысқали Исағалиев, Айтас Майымов, Мәлік Матыбаев және басқалары сөйлеп, А.Ерғалиевті жылы лебізбен еске алды. Кітапханашы Гүлнар Ниғыметова аталған кітапқа шолу жасап, мектеп оқушылары, немересі Мағжан оған енген жырларын оқып, сазгер Жабай Тәжібаев сөзін А.Ерғалиев жазған «Атырауым» әнін орындады. Соңында артында қалған ұрпақтарына, ағайын туыстарына сөз берілді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT