Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

(0 Votes)

Аудандық орталықтандырылған кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Атырау облысының Құрметті ардагері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, ақын Нұрлығайын Нұғымановтың «Жерұйығым – жыр биігім» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. 

Жаңа туындының  авторы  қошеметпен ортаға шақырылып,  өмірі  мен шығармашылығы жайлы бейнесюжет көрермен назарына ұсынылды. Кітапхана қызметкері Нұрлан Есенәлиев «Менің де бір жыр бағымды арала» тақырыбында ақынның кітаптарына шолу жасады. Мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін оқығаннан кейін аудандық орталықтандырылған кітапхананың бөлім меңгерушісі Людмила Рахметова Н.Нұғымановтың  11 жыр толғаулары мен дастандары енген  «Жерұйығым – жыр биігім» атты кітабын оқырманға таныстырды.

Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев: – Өзінің азаматтарын ардақтаған елдің бірлігі, рухы өсетіні  белгілі. Нұрлығайын ұлықтауға тұратын тұлға. Шын дарынымен зейнеткерлікке шыққанда танылып, «Қап түбінде біз жатпас», дегендей жарқ етті. Өлеңді жинақы етіп, ұйқасын келтіріп шығара береді. Күрделі құбылыстарды, кемел оқиғаларды, тарихи тағдырларды бояуын қандырып шебер суреттейтін, ащы шындықты шырқыратып, жүйелі жазатын ақын, – деп шығармашылығын  жоғары бағалады. 

Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, Қазақ журналистикасының қайраткері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, ондаған жыр жинақтарының авторы, ақын Таңатар Дәрелұлы: – Қаламгерлер шығармашылығы жаңа туындымен толығып отыр. Біреу өлеңдерінде  махаббатты, енді  біреу тарихты қаузайды. Нұрлығайын ағамыздың поэзиясына  ел мен жерге, ата-анаға деген  махаббат, Тәуелсіздіктің жетістіктері арқау болған. Аналар, олардың көрген бейнеттері, кездескен қиындықтарды қалай жеңгені шебер суреттелген. Дастандарында бұрынғы ізін шиырламай, жаңа жол салған. Қазір мемлекеттік тапсырыспен шығып жатқан кітаптардың ішінде аудан қаламгерлерінің туындылары жоқ. Неге олай? Болашақта осыны қолға алып, қостыруымыз керек. Ертең бізді де ұрпақ іздейді,– деді.
 Н.Нұғымановтың «Жерұйығым – жыр биігім» атты жаңа кітабының  лентасын қию үшін ортаға Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары Өмірзақ Қажымғалиев, Таңатар Дәрелұлы, Рифхат Сұлтанияев шақырылды. Ардагер ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері Балғаным Хасенова жергілікті қаламгерлердің туындылары мектептің оқу бағдарламаларына,  ұстаздар мен оқушылардың тәрбие жұмыстарына енгізілсе екен деген ұсынысын ортаға тастады. 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрлығайын Нұғыманов: – Өлең халқымыздың асыл қазынасы. Есте жоқ ерте замандардан бері ел ой түйіндерін, сезімдерін жырлап үлкен мұра қалдырды. Бұл кітапқа жыр-дастандарым мен толғауларым еніп отыр. Жер ортасынан озып, сексен деген жасқа жақындап келе жатырмыз. Жазудан тыйылып қалмай алға қарай да шығармашылық жұмыстармен айналыса беремін,  – деп, тұсаукесер кешін ұйымдастырушылар мен оған қатысушыларға ризашылығын білдірді. Оқырмандардың сұрауы бойынша үш өлеңін оқып берді. Шараны аудандық орталықтандырылған кітапхананың бөлім меңгерушісі Людмила Рахметова қорытындылады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521