Аудандық орталықтандырылған кітапханада Алматы қаласы «Мазмұндама» баспасынан шыққан қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың балалық шағы, майдан даласындағы ерлігі, ел үшін атқарған ерен істері баяндалатын ҚР Журналистер одағының мүшесі, журналист Тұрсын Қалимова мен ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «Мұнара» республикалық газетінің бас редакторы, ақын Серікбол Хасанның «Хиуаз Доспанова кім?» атты балалар кітабының тұсаукесер шарасы өтті.
Оған батыр апамыздың әскери күнделігін құрастырушы, Атырау қаласындағы халықаралық әуежайға Хиуаздың есімін беруде және ескерткішінің бой көтеруіне атсалысқан жаңа кітаптың авторларының бірі Тұрсын Жұмабекқызы және журналист, «Жаңа уақыт» қоғамдық қорының жетекшісі Назымгүл Қайсағалиева қатысты.
Алдымен даңқты тұлғаның өмірдерегінен дайындалған бейнеролик қатысушылар назарына ұсынылып, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Хайдарұлы оқырманға жол тартқалы рухани қазынаға сәттілік тілеп, қонақтарға қош келдіңін айтты.
Аудандық орталықтандырылған кітапхананың кітапханашысы Людмила Рахметова аалаларға арналған жаңа кітаптың мазмұнымен таныстырды. Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, кітап авторы Тұрсын Қалимова, Хиуаз Қайырқызының ұрпақтары атынан Болатбек Сайыпұлы, Сәуле Рысқалиева, кітапхана оқырманы Талшын Айдынғалиқызы ортаға шақырылып, ұрпаққа табысталар тамаша құнды мұра болып қалар жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады.
Кеш қонағы Назымгүл Қайсағалиева ата-аналарға балаларды кітап оқуға баулудың, бос уақыттарын тиімді ұйымдастырудың маңыздылығын жеткізіп, оқырманды құнды дүниемен қауыштырып отырған автордың тынымсыз еңбегін жоғары бағалады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов туған жердің перзенті, ұлтымыздың мақтанышы Хиуаз Доспанова жөнінде балаларға арнап кітап жазған авторларға зор ризашылығын білдірсе, облыстық мәслихат депутаты Зәмзагүл Оңдасынқызы қазақтың «қанатты қызының» есімін ұлығылау, оның ерлік және еңбек жолын ұлығылау кейінгі буынның бұлжымас парызы екендігіне тоқталып, балалар әдебиетінің қоржынына сый жасап жатқан Тұрсын Жұмабекқызы мен Серікбол Хасанға риясыз алғысын жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған шара қонағы Тұрсын Қалимова бұл кітапты жазуға не түрткі болғанын айтты. - Біз соғыстағы ерлігіне қарамастан елге келген соң да елдің идеологиясына адал қызмет еткен, белгілі де белгісіз себептермен елеусіз қалған Хиуаз Доспанова туралы Тәуелсіздік жылдары там-тұмдап айта бастап, жалпыға ортақ насихаттап жүріп, балалар мен жасөспірімдерге арнап оқылуға, ұғынуға жеңіл болып санада қалатындай оқулық дайындамаппыз. Хиуаз апай туралы балаларға арнап кітап жазу соңғы жылдары аса қажеттілігін байқатты. Себебі мектептен бастап басқа оқу орындарында Хиуаз Доспанова туралы қосымша оқытылып, балалардың танымын білмекке тапсырма берілген. Биыл Жеңістің 80 жылдығында бейбіт өмір үшін кеудесін оқ пен отқа тосқан батыр апамыз туралы ұрпаққа жеткізу мақсатында осы ауданда дүниеге келген әріптесім Серікбол Хасан екеуміз «Мазмұндама» баспасынан тұлғаларды таныту сериясымен шығып жатқан жинақтарға «Хиуаз Доспанова кім?» деген еңбегімізді қосуға ұйғардық.
Бұл кітап 2000 данамен шықты. Баспаның қоймасына ұзақ жатқызбай, бірінші болып кітаптарды батырдың ауылына жеткізуге атсалысқан облыстық мәслихат депутаты Замзагүл Ондасынқызына, аудандық орталықтандырылған кітапхана басшысы Анар Нуриқызына алғысымыз зор. Бүгінгі іс-шара 1 маусым күні Астана қаласындағы Ұлттық Академиялық кітапханада жалғасын табады,-деді. Хиуаз Қайырқызының ұрпақтары атынан Болатбек Сайыпұлы, Сәуле Рысқалиева сөз сөйлеп, кітап авторлары мен тұсаукесер кешін ұйымдастырып жатқан кітапхана ұжымына алғыстарын білдірді.
Айнагүл Күнұзаққызы