М.Әуезов атындағы жалпы орта мектепте 2024-2025 оқу жылының қорытындысымен дарынды оқушыларды марапаттау үшін «Жаңа ғасыр – жаңа талант» атты салтанатты слет ұйымдастырылды. Алдымен республикалық, облыстық, аудандық пәндік олимпиада, түрлі байқаулар, ғылыми жобалар, спорттық жарыстар жеңімпаздары мен жүлдегерлердің, оларды дайындаған жетекші ұстаздардың есімдері аталып, құрметпен ортаға шақырылды.
Мектеп директоры Гауһар Құбашева оқу жылының қорытындысымен таныстырып, үздіктерді алғыс хатымен ұлығылады. 842 оқушы білім алатын мектепте 140-қа жуық шәкірт түрлі бағытта жетістікке жеткен. Білім сапасы 54,1 пайызды құрайды. Құттықтаулар мен марапаттаулар легін ардагер ұстаз Алма Хасанова, аудандық білім бөлімінің әдіскері Клара Керешова, Құрманғазы ауылдық округі әкімінің орынбасары Алмас Нұрмұханов, Құрманғазы балалар және жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы Еркін жалғастырды.
Шарада өнерлі оқушылар күй күмбірлетіп, әсем ән орындап, мың бұрала биледі.
Айнагүл Шакупова