Жаңа дүкеннің лентасы қиылды

(0 Votes)

«Бизнес – кез келген елдегі экономиканың негізгі тірегі. Біз ұзақ жолды жүріп өттік. Экономиканы өркендету және мемлекеттің қоғамдық негіздерін нығайту ісінде кәсіпкерлер елеулі рөл атқаратынын жақсы түсінемін», деген болатын Президентіміз  5 қаңтарда «Түркістан» газетіне берген сұхбатында. Шағын және орта бизнестің дамуы арқылы қоғам өркендейді, жаңа жұмыс орындары құрылып, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады. 

Құрманғазы ауданының орталығында «HADIYA PERFUMES» иіссу, әтірлер дүкені ашылды. Сөрелерінде  Франция, араб елдері және басқа да мемлекеттерден шыққан жұпар иісі бұрқыраған тауарлар қойылған  парфюм дүкенінің иесі жеке кәсіпкер Қуандық Сәрсембаев.

Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса жаңа дүкеннің ашылу салтанатымен құттықтап:  –  Кәсіпкерліктің жаңа нысаны ауданымыздың әлеуметтік жағдайына және бір адамды жұмыспен қамтуға септігін тигізеді. Мемлекетіміздің кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы игі істерін, шараларын әрқашан қолдайтынымыз өздеріңізге аян. Қуандық бауырымыздың кәсіпкерлік саласында, қайырымдылық жасауда бірқатар жұмыстар  атқарғанын жақсы білесіздер. Кәсібіңнің нәсібін, өсіп жатқан ұрпағыңның қызығын көр, отбасың аман болсын. Жаңа жылдың басында ашып жатқан дүкеніңнің ішіне құт-береке ұялап, халықтың көп келетін орнына айналсын. Бұрын осындай парфюмдерді облыстан көрсек, енді ауданымызға да келіп жатыр, – деп жеке кәсіпкер Алғыс хатын табыс етті. 

Жеке кәсіпкер Қуандық Сәрсембайұлы сөйлеп, өз тарапынан ризашылығын білдіргеннен кейін дүкен алдына керілген лентаны округ әкімі Абдуррахман Рахметұлы мен жеке кәсіпкер Мұрат Бектеміров қиып, келушілерге шұбат пен бауырсақ ұсынылды. Ауданымыздың шағын және орта кәсіпкерлік нысандары ел игілігіне қызмет ететін тағы бір сауда орнымен толықты.   

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT