«Алда әлі күнді көре білетін ұрпақ келеді. Соны көретін ұрпақ сендерді ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады.
Өкінбеңдер! Күрес жолына түскендерің үшін өкінбеңдер». Бұл Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың Ахмет пен Міржақыпқа жазған хатынан үзінді. Иә, расымен, елінің алаңсыз ертеңі үшін жанын қиғандар кезінде репрессияға ұшыраса да, бүгінде олардың ерен ерлігін келешегі құрмет тұтып, 31 мамыр солардың ақталып, еске алу күні болып белгіленді.
Осыған орай, «Боздақтар» алаңында ұжымдастыру жылында аштыққа ұшырағандарды, Сталиндік азапта көз жұмған Алаш қайраткерлерін, туған елінен жыраққа амалсыз жер аударғандарды еске алу шарасы өткізілді. Мәдени жиында Кеңес үкіметінің тұсында жазықсыз жала жабылғандарды 1 минут үнсіздікпен еске алған соң, ескерткіш тақта алдына аудан әкімі, аудандық қоғамдық кеңесі мен ардагерлері, мәслихат хатшысы және депутаттары, қорғаныс істері жөніндегі бөлім, Ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдық бірлестігі, Ауған-Тәжік жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарға қатысушылардың қоғамдық бірлестігі, Чернобль апаты зардабын жоюшылар қоғамдық ардагерлер бірлестігі, Құрманғазы ауылдық округі, орталықтандырылған кітапханалар жүесі және саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары атынан гүл шоқтары қойылды.
Кейін аудан әкімінің міндетін атқарушы Гүлнар Әдебиетқызы сөз алып, сол бір зұлматты жылдар қазақтың басына қайта орнамасын, жер бетінде тыныштық пен бейбіт заман орнасын деген тілегін айтты. Сонымен қатар, кесапатты жылдарда «молданың баласысың» деп алты жылға түрмеге сотталған, кейін ату жазасына кесілген Насыр Ибраевтың жиені Сатыбалды Каменов та жүрек жарды тілегін арнап, ауданымыздан есімі ақталған жерлестерге арнап тақташа орнатуға ұсыныс білдірді.
Жиында Жалғас Сағындықов, Ермек Айсын, Толыбай Қажыгерев, Ерасыл Самигуллаев сынды әншілер өнер көрсетіп, «Ақжелең» фольклорлық ансамблінің жетектеуімен Елдос Құлшар көркемсөз оқып берді.
Жайдарлым Еркебұланқызы