Қазіргі індет іргемізге ұя салған қиын-қыстау шақта қоғамға жанашырлық таныту аса маңызды.
Елдегі эпидемиялық жағдайдың тұрақталып, карантиндік режімнің тезірек аяқталуында азаматтардың сақтық шараларды қатаң сақтауы баса назарға алынатыны айқын. Осы ретте отандастарымыздың осалдық танытып, бетпердеге бейжай қарап, ашық-шашық жүргеніне налисың. Денсаулығына сеніп, дертті елемей жүргендер қаншама?! Кейбір адамдардың иммунитеті мықты болып, вирусқа қарсы тұра алғанымен, кейбірінің қарапайым тұмаудан да тұра алмай жататындарын көреміз. Бұл жердегі негізгі мәселе, сізге вирус жұққанымен, оған сіздің денсаулығыңыз шыдап, көтеруі мүмкін, ал денсаулығы осал топтағы жандар қарсы тұра алмай, кезбе дертті керісінше сізден жұқтырып алса ше?! Сіз тәжтажалды тасымалдаушы болып қалмайсыз ба? Осы жағын ойлансақ. Мысалы, кешегі жағдай бойынша жалпы статистикаға қосылмаған коронавирус індетінің белгілері жоқ 500-ге жуық тасымалдаушы тіркелген.
Республика бойынша аталған індеттен барлығы 100-ге жуық адам қайтыс болды. Қонаққа барудан және отбасылық мерейтойлардан, сонымен қатар адамдардың көптеп топталып жиналуынан бас тарта тұру қажет. Тәуекел әлі де бар. Сақтық шараларын сақтай отырып, сіз өзіңізді және жақындарыңызды қауіп-сіздендіресіз. Бір адам отбасының бүкіл мүшелеріне жұқтырып, індет ошақтары тір-келуде. Қалай болғанда да COVID-19-дың ағза үшін ауыр салдарын бағаламауға болмайды. Аудан тұрғындарының санитарлық нормаларды сақтамауы әрі елемеуі бүкіл аудан аумағын шарпитын індеттің таралуына әкелуі мүмкін. Бұған жол беруге болмайды. Олай болмаған жағдайда қатаң карантин режіміне оралуға мәжбүр боламыз. Дейтұрғанмен, ескертулерді естімей, нұсқауларға немқұрайлы қарап жүргендердің қарасы қалың. Сол себепті де қазіргі уақытта елімізде 15 мыңнан аса азаматтардан вирустың белгілері расталған.
Ойнайтын емес, ойлайтын кезеңде тұрғанымыз әрқайсымызды алаңдатуы керек. Коронавирус инфекциясының симптомсыз түрі анықталған науқас амбу-латориялық жағдайда медициналық бақылауға алынып, үйінде (үй карантині) оқ-шауланатынын айтып өткен абзал. Осы ретте ол үйден шықпай, қолды сабындап жуып, бөлмені жиі тазалап, спирттік негіздегі антисептикті пайдалану қажет. Одан бөлек, тамақ ішер алдында, сонымен бірге дәретханадан кейін қолды сабындап жуып, қолды сүрту үшін мүмкіндігінше бір реттік майлықты пайдаланып, жеке ыдыспен тамақ ішкені дұрыс. Денеде қызу немесе өзге де жайсыздықты сезінген жағдайда COVID-19 бойынша колл-орталыққа хабарласқан немесе өтінім себебін түсіндіре отырып, жедел жәрдем шақырған дұрыс. Үй карантинінде болған жағдайда бөгде адамдардың үйге кіруіне тыйым салынған абзал.
Негізгі сақтық шараларын сақтап, құнарлы тамақтар жеп, дәрігерлердің айтқандарын орындаса, ауырған азаматтардың саны азаяды. Ең бастысы үйден ешқайда шықпай, үйге ешкім келмеуі тиіс. Күніне екі мезгіл дене қызуын өлшеп отыру керек. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қоғам саулығы үшін қолдан келгенше жеке сақтық шараларына баса назар аударған абзал. Жалқы адамның жауапкершілігі – жалпы жұрттың саулығының негізі екенін естен шығармайық. З.Жоламанова, аудандық, ішкі саясат, мәденгиет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы