Мейрамбек Қожахметовтің есімі аудан тұрғындарына жақсы таныс. Ауданымызда үш жыл бас имам қызметін абыроймен атқарды. Білікті дін маманы ретінде тұрғындар мен мешіт жамағатының арасында беделі жоғары. Жастарға ислами құндылықтарды уағыздау мен оларды жат ағымдардан сақтандыру бағытындағы жұмыстарға үлкен үлес қосты. Биыл көктемде ҚМДБ шешімімен басқа облысқа ауысты. Қазір Қызылорда қаласындағы мешіттердің бірінде бас имам. Жақында ғана Мейрамбек ініміздің COVID-19 індетіне шалдығып, емделіп шыққанын естідік. Сол себепті бір жағынан жағдайын білейік, екіншіден жастарды індеттен сақтандыру мақсатындағы кеңесіне құлақ түрейік деген ниетпен хабарласқан болатынбыз.
–Вирус сізде қалай басталды?
Қандай белгілері болды? – Алланың қалауымен мына аты жаман аурудан аман-есен сауығып, жазылып шықтық. Әуелі Алланың, сосын жамағаттың жасаған дұғасының, ағайынның қолдауының, дәрігерлердің емінің арқасында қатарға қосылдық. Жалпы имам деген халықтың бір адамы. Сол қызметте жүрген кезімізде жаназа шығаруға барамыз, ол жерге көпшілік жиналады, қаншама адамдар келеді. Бұл ауруды сол ортаға барғанда жұқтырып алған сияқтымын. Өзім де бұл індетке сене қоймағандардың бірі едім. Бір күні жаназадан келгеннен кейін ауруды жұқтырып алғаным өзіме белгілі болды. Сол күні сақтық шарасын сақтамадым, бетперде тақпадым. Одан жиналған халықпен жақын тұрып амандастым, сөйлесіп жағдай сұрастым. Үйге келген соң кешке жақын бұлшық еттерім жыбырлап, қақсап ауырып, түнгі бірлерде қызуым көтерілді. Қызу түспеді. Таңға дейін қатты қозды.Таңертең «Жедел жәрдемді» шақырттым. Олар бірден ауруханаға әкетті. Бұл ауру жұққан сәтінде өте жылдам әсер етеді және денеге тез тарайды екен. Екі өкпеден қысып дем жетпеді. Тіпті қозғалу мұң болды. Жағдайым нашарлағаны сонша телефонмен смс жазуға жағдайым тартпады. Адам денсаулықтың қадірін ауырғанда біледі ғой. Шынына келсек сауығамын деп ойламаған кездерім де болды.
– Сізге қандай ем қолданды?
– Бастапқыда ауруханада тек бір-екі дәрі беріп, антибиотиктер мен дәрумендерді салды. Одан жағдайым түзеле қойған жоқ. Кейін бағасы қымбат, Түркиядан келген таблетканы қолданды. Сонда ғана жақсардым. Осыдан кейін коронавирустан жазылған басқа да адамдардың ақыл-кеңесіне жүгіндім. Коронавирусты Еуропада отырғызған күйде емдейтінін естідім. Мен көп жатпауға, үнемі отыруға тырыстым. Отырып емделсе өкпе дұрыс жұмыс жасайды екен. Қасымдағы екі-үш адам үнемі жатқандықтан жақсармады. Беттері бері қарамады. Әлім жоқ болса да сүйеніп отырдым. Тек сонда өкпеме ауа келе бастады. Оның үстіне ауылдағылар маған үнемі саумал жіберіп тұрды. Соны іштім. Кейін дәрігерлер тағайындаған антибиотиктерді қолдандым. Аздап жазылғаннан кейін көп жаттығу жасадым. Денені қимылдатып, содан да жақсардым.
– Қазір жастар арасында сақтық шараларын сақтамай, әлі де сенбей жүргендер бар. Оларға бәрі өтірік сияқты көрінеді. Мұндай жастарға не айтар едіңіз?
– Жастарымызға, үлкен кісілерге, барша құрманғазылықтарға айтарым сақтық шараларына мән беріңіздер. Көпшілік жиналған ортаға көп бармаңыздар, той-томалақты қоя тұрыңыздар. Алла өмір берсе оған үлгереміз. Өзіңіздің, үйдегі туған-туысқандарыңыздың өмірін сақтаңыз. Себебі сіз жұқтырсаңыз үйдегі балаларыңыз, қыздарыңыз, ағайын-тумаларыңыз да ауырады. Олардың ішінде иммун жүйесі әлсіздері болуы мүмкін. Бұл ауруды көтере алмайды, жазылмайды. Менің түсінгенімі сақтық шараларына мән берсеңіз өзіңіздің де, басқалардың да өмірін сақтайды екенсіз. Өйткені біздің имам болып жүрген әріптестеріміздің ішінде өздері жұқтырып, одан бала-шағасы ауырғандар бар. Өздері жазылса да қалғандарынан айырылып қайғы жамылған жағдайлар да кездесті.
– Шыққаннан кейін қалай емделудесіз? Ауырып шыққандарға қандай тамақтар пайдалы? Жұрттың көбі қойдың сорпасын ішіп, құйрығын шыжғырып жеу керек дейді.
– Ауырып емделіп шыққандарға өзін күту барысында салқын су ішпеуі керек. Қазір жаздың уақыты, адам тамағы құрғап шөлдейді. Шыдаңыз. Жылы тамақ ішіңіз. Себебі емделіп шыққандардың тамағы өте әлсіз болады екен. Ауызға енген микробтың барлығы тамақта қалады. Салқын су ішкеннен кейін ол микробтар қозып қайтадан ауырып қалуы мүмкін. Балмұздақ сияқтыларға жоламағандары дұрыс. Дәрумені мол тамақтарды молынан жеу керек. Қой сорпасының, құйрығының да пайдасы мол. Жаңа өзім саумал ішкенімді де айттым. Тамақ мәзірінде көкөністерді көп қолдану керек. Олар дәрумендерге бай болғандықтан иммун жүйесін күшейтеді.
– Сізде толықтай сауығып кетіңіз. Ауданда сыйлы азаматтардың бірі болдыңыз. Мешітіміз, дініміз үшін біраз жұмыс жасадыңыз. Жаңа орныңызда да сәттілік тілейміз.
– Әмин, рахмет! Аудан тұрғындарының амандығын тілеймін!
Қ.ҒҰМАРОВ