Жағдайың қалай шаруагер?

(0 Votes)

Қаһарлы қыс адамға да, малға да оңай тимейтін сынақ мерзімі. Биыл қаңтардың ортасына таман аяз тұрып, өзендерді мұз көмкерді.

Қойын-қонышыңды тіміскілеп, бетіңнен алып, өрши соққан ызғарлы жел оның қуатын одан сайын арттыра түсуде. Бізде соңғы жылдары қыс қатты болмағанымен, ертең не күтіп тұрғанына сенім жоқ. Солтүстіктен аязы мен боранын сүйреген түрлі циклондар еніп кетпесіне кім кепіл?! Қыстың ортасына да жетіп қалдық. Төрт түлікпен отырған шаруагерлер оны қалай өткізіп жатыр? Осыны білмек ниетпен асыл тұқымды Еділбай қойын өсіретін «Мақаш» өндірістік кооперативінің төрағасы Жеңіс Әбілхайыровқа хабарластық.

– Жағдайымыз жаман емес. Жемшөбіміз жеткілікті. 2023 жылдың 1-ші қаңтарына 2805 бас қоймен және шаруашылықтың қажеттілігіне орай сиыр, түйе малдарымен кіріп отырмыз. Өткен жылды осылай қорытындылап, Қоян жылын қарсыладық. Ниетбай өңіріндегі жеті жерде 4 отар қой және түйе, сиыр малдары бағылуда. Арал өңірінде, Тышқанбай бағытында бір жерде қой малы орналасқан. Қыстақтардың бәрі де қысқа жақсы дайындықпен кірді. Саланың барлық қызметкерлерін керек-жарағымен қамтамасыз еттік. Шопандарымызға өз күшімізбен, қолдан келгенше барлық жағдайды жасаудамыз. Негізгі бағытымыз – мал шаруашылығына жауапты маман Ибатолла Галиев осы жұмысты жақсы жолға қоюда. Өзім де бір жерде отырмайтын адаммын ғой. Жиі аралап, жағдаймен танысуға шығамын. Тағы да қыр бойына жүргелі жатырмын. Қазір қар болмағанымен, аяз бен жел бар. Қысқы күннің қалай өзгеріп кететінін кім білген?! Қажетті жерлерге мал азығын жеткіземіз, – дейді сұхбаттасымыз.

Қазақ даласын қойсыз көзге елестету мүмкін емес. Кооператив төрағасының айтуынша шаруашылық жұмысы үш бағытта ұйымдастырылады. Біріншісі, негізгі сала – мал шаруашылығы. Екіншісі – мал азығын дайындайтын шаруашылық техникаларын оңдау және азды-көпті құрылыс, өңдеу жұмыстары. Жетекшісі Оңдыбай Мусин саладағы негізгі бағытпен қатар қосымша дәнекерлеу, токарлық және көтергіш аспаптардың жұмысына басшылық беріп, алдағы науқандарға дайындық жасаумен де айналысады. Үшінші бағыты – ішкі жұмыстар (сауда-саттық, құжаттық бағыттағы келісімшарт жасақтау, бағдарлама аясындағы жұмыстарды жүйелеу). Оның жетекшісі Тілекші Сатыбалдиева шаруашылықтың барлық тыныс-тіршілігінен (тойхана, шаштараз т.б) бастап, түсім бағытындағы жұмыстарға дейін басшылық жасайды.

– Мемлекет айдалада мал бағып, қыстың боранымен, жаздың ыстығымен арпалысып, төрт түлік өсіріп, ел игілігін еселеп отырған шопадарды жеңілдіктің қай түрінен де құр қалдырмаса екен. Олар бүгінгі күні отынын дайындап пеш жағып, күл шығарып, электр энергиясынсыз тамағын пісіріп, құдығын қазып суын алып, мемлекетке салығын төлеп, өткен ғасырдағыдай өмір сүріп, түрлі қиындықтарға төзіп отыр. Күні-түні жүріп, ешкімге алақан жаймай кірін қолымен жуып, барына шүкіршілік жасап отырған жандарды бағалай білейік. Басқа сала еңбеккерлеріне қарағанда бүгінгі қой шаруашылығында қызмет етіп жүрген тұлғалардың көрген қиындықтары мен бейнеттерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бүгінгі күннің батыры десек те артық болмас еді. Сондықтан, мұндай адамдар қандай құрметке де лайық. Билік басында жүрген жайсаң жанды азаматтар осыны ескерсе екен, – дейді Жеңіс Ғалижанұлы.

Айтуы орынды. Қыстың көзі қырауда, азынағын суық желдің өтінде, құдықтың суын місе тұтып мал соңында жүру оңай жұмыс емес. Соның ішінде қой малын көзден таса қылуға болмайды. Оны үнемі қорада да ұстай алмайсың. Жүріп жайылмаса қоң жинамайды. Сол себепті жастар бұл жұмысқа беттей бермейді. Одақ кезінде шопан деген құрметті мамандықтардың бірі еді. Кеңшарларда комсомол жастар бригадалары болды. Жас шопандарға жыл сайын түрлі жеңілдіктер, оқуға түсулеріне жағдайлар жасалып, курорт-санаторийлерге тегін жіберіліп, сонау Мәскеуде өтетін слеттерге дейін қатысатын. Қойдың терісі мен жүні де пайдаға асырылатын. Бүгін де ауыл шаруашылығы саласына жастардың қызығушылығын тудыратын осындай шаралар қолға алынбаса Шопан ата тұяғының азаюы да мүмкін.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT