Жағажай түнде жарықсыз

(0 Votes)

Аудан орталығын екіге бөліп, ағып жатқан Шора өзенінің негізгі тас жолмен жапсарлас, яғни көпірден батырлар аллеясына дейінгі аралыққа өткен. 2018 жылы кемімен айтсақ түнгі жарық шам 4 рет орнатылды.

Бұл орайда үлкенді-кішілі әкімдіктерге қандайда бір кінә артуға болмайды. Шамдар қандай керемет! Түн мезгілінде өзен жағалап серуен құрсақ, бозғылт сәулесі түнгі өзен бетінде діріл қағып ойнап, онсыз да көрікті орталықтың ажарына-ажар қосады. Жұлдыздар нұры жарысқа түсіп, сүттей ай бозамық сәуле төккенде жарық шамдар да жағалай жарқырап жаныңа тып-тыныш әуен, таңғажайып күй сыйлайды.

Өкініштісі, кімдер екені белгісіз осы жарық шамдарды бір-ер күн өтпей жатып, сындыра бастайды. Әуелі бір-екеуі, әрі кетсе 15 күн шамасы уақытта түгел күл-паршасын шығарып қиратып тастайды. Шамалап айтсақ, бұл күндіз ұйықтап, түн жорытатын екі қолдары алдарына сыймайтын есалаңдардың ісі. Мүлде басынып болды. Көпірдің маңындағы өзенге жапсарлас темір қоршауды да сындырып, орынын үңірейтіп қойған.

Жастар жылы дейміз. Елімізде жастарға бәрі жасалып жатырғаны рас. Мынау не, соның қайтарымы ма? Ата-бабамыздың сүйегі жатқан, әр кесегі күбірлеп ерліктен сыр шертетін туған жерді осылай қорлауға, осыншама жауыздық көзқарас танытуға бола ма?

Ең соңғы орнатылған жарық шамдар бір аптаға жетпей түгел қиратылды. Ішімізден шыққан жаудың тым-құрыса бір-ерін ұстай алмайтындай полиция қызметкерлері неге қауқарсыз? Жастар ресурстық орталығы, Жас Отандықтар бұл мәселеге дендеп араласып, өзара талқылап, мұндай жерлерге түнгі кезекшілік ұйымдастырса да артық етпейді. Жүрек ауырады. Қыз беліндей жіңішкерген Шора өзені баяу толқып, толқын тілімен «түнде жағам жарықсыз» деп күбірлейтіндей. Қайтеміз енді...

Т. Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT