ЖАҢАРУ ЖОЛЫНА - ЖАСАМПАЗ ҚАДАМ

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын мұқият тыңдап, алдыңғыларға қарағанда өзгеше екендігін байқадым. Осылай болу керек деп те ойладым.

Өйткені Қазақстанымыз жаңа қадамға бетбұрыс жасап жатқан тұста өзгерістің болуы өзінен өзі түсінікті жайт. Президентіміз сөзінің басында «Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік», деп те айтты.

Қаңтар қасіретіне тоқталып, Президенттің өкілеттілігі, өкілді билік тармағын қайта құру, сайлау жүйесін жетілдіру, партиялық жүйені дамыту, құқық қорғау институттарын күшейту, БАҚ пен азаматтық қоғамның рөлін нығайту, елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру, дағдарысқа қарсы шаралар сияқты бірқатар бастамаларды ұсынды. Айтылғандардың барлығы да қазіргі жағдайда аса қажетті кезек күттірмей қолға алынуы тиіс мәселелер дегім келеді.

Тарихпен, өлкетанумен айналысатын адам ретінде мені қуантқаны бұрынғы Семей аумағында  Абай, Сарыарқа төсінен Ұлытау, жер жәннаты Жетісудан бөлек облыс құру ұсынысы болды.  Өткен ғасырдың басында Алаштың астанасы болған Семейдің халі тым мүшкілденіп, қазақтың тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен арыстарымыздың рухы алдында ұятты болып жүгеніміз жасырын емес еді.  Бұл  туралы көптен бері айтылып та, жазылып та жүр. Жаңадан құрылатын облысқа дана да дара Абайдың есімі берілуі әбден құптарлық идея дер едім. Қазақ хандарының атасы Жошы бабамыз жатқан Ұлытау өңірінің жаңа статусқа ие болуы да рухани жағынан маңызды шешім. «Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз» деген Президент мұның экономикалық жағынан да маңызды тұстары барын атап өтеді. Әкімшілік аумағы үлкен Алматы облысын екіге бөліп, бірінің орталығын Қапшағай қаласы қылып, оған Қонаев есімін беруді халық қалап жатса қарсы еместігін жеткізді. Бұл да құптарлық қадам,  кезінде Қазақстанда қырық кала салған қазақтың асыл перзенті Димаш  Ахметұлына деген ерекше құрмет болар еді.

 

Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ,

академик-жазушы


ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT