Газетіміздің алдыңды нөмірлерінде жаңа қызметке енді кіріскен ауыл әкімдерінің жұмысын танытқан болсақ, ендігі кезек осы жолда абыройлы еңбек етіп, еліміздің қарыштауына септігін тигізуден аянбай, «ауылының ұлы» атанып кеткен ауыл басшыларына жетті.
Бұл ретте, Нұржау ауылдық округінің әкімі Мұрабек Мұғалімге хабарластық. Ол басқарып отырған Нұржаудың бүгінгі көрінісі мен жетістіктері туралы әдемі өрілген сұхбат жүргіздік. Келісті әңгімемен өрнектелген интервьюдің тізбегін сіз де оқи отырыңыз, қадірлі оқырман!
- Халықтың бірінші қажеттілігіндегі мамандық қатарынан дәрігер табылады. Адам жанының жанашырларына бар жағдайды жасау құптарлық іс. Осы тұста, Нұржаудағы емхананың немесе фельдшерлік бөлімнің қазіргі жағдайы қалай? Медициналық құралдар жеткілікті ме?
- «Нұржау» дәрігерлік амбулаториясы – тұрғындарға амбулаториялық, медициналық көмек көрсетіліп, күндізгі стационарлық ем алынады. Мұнда 5 жалпы тәжірибелі медбике, 1 акушер, 1 зертханашы халыққа қызмет көрсетеді. Бұл мекеме 1974 жылы салынған, бірақ 2009 жылы ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта ғимарат күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
- Ауылішілік жолдардың қазіргі күйі қандай? Өткен жылы жол құрылысы басталып, тұрғындар қуанышқа кенелген еді. Бүгінде қалай жүзеге асуда?
- Ауылішілік жолға келер болсақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында «Нұржау ауылына кірме және ауылішілік автомобиль жолдарын тротуарымен қоса қайта жаңғырту» нысаны 2020 жылы басталған болатын. Қайта жаңғыртудан өтетін жолдың ұзындығы – 10 шақырым, тротуар – 3,3 шақырым. ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңдарына сәйкес мердігер мекеме анықтау үшін конкурс ұйымдастырылып, нәтижесінде «Атырау Жолдары» ЖШС құрылыс жұмыстарына жауапты болды. Тапсырыс беруші – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Аталған мекемемен келісімшарт жасақталып қазіргі уақытта жолдың негізгі қабатына ПГС топырағы мен қиыршық тас төселуде. Жаяу жүргіншілер жолы салынып, келер жылы асфальттөсеу процесі жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жалғасуда.
- Нұржаудың неше көшесі жарықпен қамтылған? Қалғанына жарық қашан жүргізіледі?
- Жалпы округ бойынша барлығы 21 көше бар. Оның 17-сі Нұржауда болса, 4 көше округке қарасты Жамбыл ауылында. Нұржау ауылында жарықпен 5 көше қамтылған, ал Жамбыл ауылына келер болсақ, биылғы жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 2 көшеге (Жасқанат және Шаттық) жарық жүргізу үшін электрондық конкурс өткізілуде. Алдағы уақытта да аталған бағдарлама аясында, қалған ауыл көшелерін жарықпен қамту кезең-кезеңімен жоспарға сәйкес жүргізілетін болады.
- Ауыз суының сапасы қай-қай округте де көңіл көншітпейді. Халықтың бірінші қажеттілігіндегі тіршілік көзін тазалау немесе СТИ жаңа қондырғылар орнатылады ма?
- Ия, айтуыңыз орынды. Бізде «Нұржау» су тазарту имараты бар. 2010 жылы пайдалануға берілген. Тәулігіне 24 сағат толықтай сумен қамтып, уақытылы жүреді. СТИ-да қолданылатын «Мембраналық технология» ескіруіне байланысты, су тазарту жабдықтарын техникалық тексеру жұмыстары жүргізілді. Ауыстыруды қажет ететін құрылғылар тексеріліп, керекті сомма есептелуде. Қажетті қаржы анықталып, зерделенген соң, сұраныс жіберілетін болады. Жамбыл ауылында тұрғындарды ауыз сумен қамту, 13 шақырым жердегі Бірлік ауылдық округінде орналасқан СТИ-дан жіберіліп, қамтылып отыр.
-Интернет желісі, мобильді байланыстың сапасы қандай? Белгілі бір операторлармен келісімшарт жүргізілуде ме?
- Интернет желісіне келер болсақ,округте «Қазақтелеком» АҚ-ның 207 телефон нүктесі бар, оның 164-і интернетпен қамтылған. Қосымша, телефон нүктесі және интернетпен қамтылу жөнінде сұраныстар бар. Ұялы байланыс антенналары жұмыс жасап тұр. Жамбыл ауылында «Қазақтелекомның» телефон нүктелері жоқ, бірақ байланыс операторларының интернет сапасын жақсарту бойынша Жамбыл ауылына «LC Commerce» ЖШС антенна матчталық құбырғысының құрылысын салу және оған қызмет көрсету үшін жер учаскесі алынды. Ал, ол келер жылдың соңында пайдалануға беріледі.
- Ірі сабақты мал азығы дайындалуы жөнінде не айтасыз?
-Округ бойынша шаруагерлер қыс қамын жаз ойлап, өздеріне ірі сабақты мал азығын дайындап қана қоймай, ауылдағы аз қамтылған отбасыларға да демеушілік негізде көмектерін аямайды. Көршілес Маңғыстау облысындағы қуаңшылық салдарынан болып жатқан жағдайларға өзіміздің қандас бауырларымыз қиналып жатқандықтарын жете түсініп, мал азығын дайындау науқанына қарамастан, округіміздің шаруа қожалық иелері мен ауыл тұрғындары, атап айтқанда Б.Дарелов, А.Тукешова, А.Зиноллаев, У.Алғаязов, Р.Зинешев, Р.Батырбаев, И.Әбуталиевтер ұйымшылдық танытып, бірі - орам шөппен, бірі - техникамен, бірі - жанармаймен көмектескенін айтып, осы сұхбатым арқылы алғысымды білдіргім келеді!
- Ауыл жастарымен қандай жұмыстар жасалуда?
-Округ бойынша жастардың салауатты өмір салтын ұстану бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Оған дәлел ағымдағы жылы ауданда, облыста өткен түрлі сайыстарда нұржаулықтар белсене қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Округте спортпен шұғылдануға әзірге екі мектепішілік спорт зал және Жамбыл ауылында орналасқан жазғы алаң бар. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ауыл жастарының арасында марафон ұйымдастырылып, оған Нұржаудан 18 адам қатысқан еді. «NurOtan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының орындалу барысындағы іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2023-2025 жылдары Нұржау ауылында жаңадан ангарлы типтегі дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені құрылысын салу үшін жер учаскесі алынып, екі жылдан соң құрылыс жұмыстары басталатынын атап кеткім келеді.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Жайдарлым Қайреден