Бірлік ауылдық округінде болған «Nur Otan» партиясынан облыстық мәслихатқа депутаттықтан үміткер Жұмажан Шакупов, аудандық мәслихатқа депутаттықтан үміткерлер Өмірболат Есенғазиев, Ақеділ Зайнеденов, Қанат Ғұмаров ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Екпін Харесовтің үйінде болды.
Қариямен әңгімесінде партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев «Nur Otan» партиясының алдағы 5 жылға мақсат етіп қойған межелеріне тоқталып өтті. Келесі жылы ауылда жаңа мәдениет үйі салынатынын, оның партияның жобасына кіріп, сараптамаға жіберілгенін жеткізді.
Ақсақал үміткерлерге ризашылығын білдіріп:
– Осы жерде 1942 жылдан бері тұрамыз. 40 жыл егінде жұмыс жасадым. 8 баламыз бар. Олардан немере-жиендер сүйіп отырмын. Одақ кезінде бір партия елді барлық қиындықтан алып шықты. «Nur Otan» партиясын жақсы білемін. Көптеген игі істердің басында жүр. Халықпен тығыз жұмыс жасап, олардың мұң-мұқтажын жоғары тұрған орындарға жеткізетін сіздер. Сіздерге дауыс береміз ғой, - деп, алдағы сайлауда сәттілік тіледі.
Ауыл тұрғыны, ардагер ұстаз Борис Малахов:
– 1989 жылы жанарыма ота жасатып, біраз уақыттан кейін көзім көрмей қалды. 40 жыл осы ауылдағы мектепте еңбек пәнінен қазақ және орыс балаларына сабақ бердім. Қазір 84 жастамын. Ұлым Владимир 58 жаста, аңшылар базасында жұмыста. Маған 15 күннен бөліп алып, осы ұлым мен келінім кезекпе-кезек күтім жасайды. Немерем Волгоградта мединститутта оқиды. Жалпы еңбек өтілім 53 жыл. Нұрсұлтан Назарбаевты жақсы құрметтеймін. Қолында билігі бар партия ғана жақсы жұмыс жасайды. Аудан көлемінде жасалып жатырған жұмыстардан мен «Прикаспийская коммуна» газеті арқылы хабардармын. Оны маған келінім оқып береді. Сонда «Nur Otan» партиясының қандай игі істер атқарып жатқанынан естимін. Биыл маған осы газетке жазылуға демеушілік жасауларыңызды өтінемін. Теледидардан да Ресей каналдарын көрсетеді, - деп «Nur Otan» партиясы алдағы сайлауда жеңіске жетсін деген тілегін білдірді.
Облыстық мәслихатқа депутаттықтан үміткер Жұмажан Шакупов қарияға газетке жазылу мен қазақстандық телеарналарды көрсететін антенна әперуге демеушілік жасауға уәде етті. Аудандық мәслихатқа депутаттықтан үміткер Өмірболат Есенғазиев партияның сайлауалды бағдарламасы жайлы әңгімеледі.
Қанат ЗАРЛЫХАНҰЛЫ
«Nur Otan» партиясының Атырау облысы Құрманғазы ауданының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді.