Бүгін, міне, жүректеріне иман ұялаған жастарымыздың тағы бір мейірімділікке толы істерінің куәсі болып отырмыз.
Еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күнінде «Темірәлі» мұсылмандар мешіті жанынан құрылған «Иман жастары» еріктілер тобы, «Құрманғазы» қайырымдылық қоры және ауданда жол құрылысын салып жатырған «Сине Мидас Строй» мекемесінің «Камаз» жүк көлігін жүргізушілері жақсылық жасаудан бастама көтеріп, әлеуметтік желіде барша қайырымды жандардың көмегімен баспанаға зәру екі ауылдасымызға үй сыйлағаны жазылған болатын.
Құрылысшылар шағын ауданының О.Юсупов көшесінде орналасқан көп пәтерлі үйдің төменгі қабатынан үш бөлмелі үйдің кілті Оразов Нәсіпқали Төреғалиұлы деген азаматқа табысталды. Шағын ғана ұйымдастырылған шарада осы қайырымды істің басты ұйытқысы «Темірәлі» мұсылмандар мешітінің бас имамы Еламан Бегәлиев жаңа қоныс иелеріне тілек сөзін арнады. Шаңырақтың отанасы Гүлнәр Жұмағалиева кіреберіске керілген лентаны қиып, отағасымен бірге жаңа қонысына оң аяқтарымен қадам басты. Дәстүрімізге сай шашу шашылып, ақ жарма тілектер айтылды.
Бізбен әңгімесінде мейірбан жүрек жастардың имани істеріне разы болған Гүлнәр Борисқызы тебірене толқи қуанышымен бөлісті.
– Тұрмыс құрғаннан бергі 16 жыл ішінде осы баспана жоқтықтан көрген қорлығымызды айтып жеткізе алмаймын. Негізінен Балқұдық жақтың тумасымыз, сол тіршіліктің тауқыметімен біраз жерді паналауымызға тура келді. Арғысы Атырау қаласына дейін тұрып келдік, соңғы үш айда Еңбекші ауылдық округінде пәтер жалдап күнімізді кештік. Ел іші дегенмен өз үйіңнің жоқтығы қиын екен. Екі мектеп жасындағы қызымыз бар, азаматымның аурулығы себепті жүріп-тұруы аздап қиынға соғады. Үнемі көшіп-қонып жүргендіктен жөнді мүлкіміз, төсеніш-көрпеміз де болған емес, азын-шоғын буған-түйгенімізді алып келіп жатырмыз. Ең бастысы басымызда үй болатынына жүрегім жарыла қуанып тұрмын. Бас аман болса бәрі жетіледі деген ойдамын. «Жыртық үйдің құдайы бар» деген осы шығар, баршасына рахмет. Алланың разылығы үшін істеріңіздің қайтарымы сол Жаратқан иемізден болғай, - деп қаумалап келген жастардың бас-басына алғысын жаудырумен болды.
А.НӘЖІМОВ