"Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ" деген бір ауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын ұлтымыз сыйғыза білген.
Асқар таудай әкесін пана тұтқан бала қорқақ болмайды. Ал ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайды. Әкесіз ұл – шатырсыз үй. Сондықтанда әке мәртебесін көтеру, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін күшейту мәселесі күн тәртібінен түспейді.
Осы бағытта аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанованың төрағалығымен әкелер кеңесінің отырысы өтті. Басқосуда отбасы институтын және әкелердің отбасылық тәрбие берудегі рөлін нығайту мәселесі талқыланды. Аудан әкімінің орынбасары Г.Хасанова бүгінгі қоғамда өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі әкелер жауапкершілігі мен белсенділігін арттыру, тәрбиеде отбасының үлгі-өнегесін, әкеге деген құрмет сезімін нығайту маңызды міндет болып табылатынын алға тартып, жаңадан құрылған кеңес құрамымен таныстырды. Кеңес төрағасы болып бекітілген С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған Д.Ғұмаров халық театрының әртісі Қайрат Сайфуллин құрам мүшелеріне сәттілік тілеп, кеңестің мән,-маңызын, мақсат-міндетін тарқата отырып, жұмысты жандандыру бағытындағы өзінің ойларымен бөлісті. Кеңес мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Талғат Жұмалиев баласының биіктікті бағындыруында әкенің орны барын баса айтып, сондықтан тәрбие мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарау қажеттігіне тоқталды.
Айнагүл Шакупова