Жаңа заңда бәрі ескерілген

(0 Votes)
«Жер бергенде бәріне қатар тиген. Арасында бос орын жоқ. Мысалы, пішен шапқанда, оны тасығанда өз шабындығына баруы үшін көршілерінің әуелі біреуінің, сосын екіншісінің жерінің үстімен өтеді. Осыдан соң  олар: «Менің жерімнен өтпесін,  шөбін таптайды» деп арызданып маған келіп, жылда айқай болып жатады».
           
Құрманғазы аудандық әкімдігінде өткен жер беру мәселесіне қатысты аудандық семинарды аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров ашып:- Бүгінде жер жөнінде көптеген мәселелер туындап отыр. Бұл бұрыннан да айтылып келеді. Сол себепті түрлі сұрақтар, түсінбестіктер, арыз-шағымдар  жиі болып жүргенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Қазір жаңадан жер кодексі қабылданып, ереже бекітіліп жатыр,- деп қатысушылардан ұсыныс-пікірлерін ортаға салып отыруларын сұрады.
           
Семинар барысында аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Хасанов хабарлама жасап: - 2018 жылдың 8 айында азаматтар мен заңды тұлғаларға жер учаскелерін беру немесе одан бас тартуды қорытындылайтын аудандық комиссия мәжілісінің 13 отырысы өткізілді. Хаттама қорытындысы негізінде 62 өтініш қаралып, оның 42-сі жеке, 20-сы заңды тұлға, 46-сы қанағаттандырылды. 16 адамға ҚР Жер кодексіне сәйкес түсінік берілді. Заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қараудың белгіленген мерзімдері сақталып, үнемі бақылауда ұсталуда. Атырау облыстық жер қатынастары басқармасы 2017-2019 жылдары қолда бар жер қорына талдау жасау үшін аудан бойынша кесте жасақтап, соған сәйкес  түгендеу жұмыстары жүргізілуде, - деп басқа да атқарылған жұмыстардан қысқаша мәлімет берді.
           
Атырау облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылауды ұйымдастыру  басқармасының басшысы Гүлзия Құрманова жаңа заңның түрлі баптарына енген өзгерістерге кеңінен тоқталып өтіп: - Жерді қайтарғанда оған газ, жарық, су тартты ма? Оларды өз ақшасына әкелгені жөнінде құжаттарын көрсетсе соны да ескеру керек. Мүмкін соған шығынданамын деп уақытында игере алмай жатырған шығар. Мал қорасына келгенде де, алдымен ескертіңіздер. Аз малымен отырған адамға 80 немесе 180 мың теңге айыппұл төлеу оңай емес, - деді. Қатысып отырған аталған басқарманың бөлім бастығы Жазира Мұқанова да жерді белгілі бір себептермен игере алмаған жағдайда оның пайдалану мерзімін ұзартуды ұсынды. Аудандық прокуратураның прокуроры Аянбек Сүйінәлиев Кодекс бойынша ұзартуға өтінішті жерді игеру мерзімі бітпей тұрып, 3 ай бұрын беруі керектігін ескертті. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров округ әкімдерінен бұл мәселеге олардың үлкен жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

Аудандық ата-аналар кеңесінің төрайымы Ұлмекен Сапарова, аудандық жер қатынастары бөлімінің маманы Мейрамбек Ақынов, Дыңғызыл, Сафон ауылдық округтерінің әкімдері Оралбай Әзімов, Роза Хамзаева, Олжас Тәжібаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Ұлыбек Өтегенов, Құрманғазы ауылдық округінің маманы Марал Ғұмарова және басқа да қатысушылар тарапынан округтерде жер беру, кезекке қою, жерін тартып алған адамдардың Әділет басқармасына бармайтыны себепті кезектің жылжымайтыны, бас жоспарға кірмей қалған жерлерді есепке алу, заңгермен қамту және т.б. жөнінде сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды.
Шортанбай ауылдық округінің әкімі Сәрсекей Нәбидоллаев: - Жер бергенде бәріне қатар тиген. Арасында бос орын жоқ. Мысалы пішен шапқанда, оны тасығанда өз шабындығына баруы үшін көршілерінің әуелі біреуінің, сосын екіншісінің жерінің үстімен өтеді. Осыдан соң  олар: «Менің жерімнен өтпесін,  шөбін таптайды»деп арызданып маған келіп, жылда айқай болып жатады. Алға қарай жер бергенде араларынан көлік жүретін дәліз қалдыруды ескеру қажет, - деген ұсынысын ортаға салды.
 
Атырау облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылауды ұйымдастыру  басқармасының басшысы Гүлзия Құрманова: - Ұсынылған бос жерді алудан бас тартып, басқа жерден сұраған адамды кезектен шығарып тастай алмайсыздар. Қолынан нотариуспен куәландырылған қолхат алып, ығыстырасыздар. Одан кейінгі адамға жерді ұсынасыздар. Босалқы жер учаскелеріне сараптама жасалып, мониторинг жүргізілуі керек. Тексеруге жолдау үшін бірінші сараптамасын алу қажет. Иесі кім,тіркелген бе, сатып жіберілген емес пе?, - деді.
Семинарды  Ж.Бектеміров қорытындылап, облыстан келген қонақтарға жақсы түсінік бергені үшін ризашылығын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ
 
 
                    
 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT