Жаңа томографиялық кабинет – тұрғындар игілігіне

(1 Vote)

Аудандық орталық ауруханада «Каспий құбыр консорциумы» АҚ-ның демеушілігімен сатып алынған компьютерлік томография кабинетінің ашылуына орай салтанатты шара ұйымдастырылды.

Оған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, АҚ бас директоры Николай Горбань, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев, аудан әкімінің орынбасарлары, медицина қызметкерлері қатысты. Аудан орталығында бой көтерген көпсалалы ауруханаға тарту етілген заманауи озық құрылғы тұрғындардың денсаулығын нығайтуға, аурудың алдын алуға үлкен септігін тигізетініне сенім мол. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов:

- Аудан тұрғындарын көптен күткен бүгінгі қуанышты күнмен құттықтаймын. Шалғай елді мекенге оң көзқарас танытып, оның әлеуметтік сұранысын қанағаттандырып, заманауи медициналық құрылғымен қамтамасыз еткен «Каспий құбыр Консорциумы» компаниясына үлкен алғысымызды білдіреміз. Олардың бұған дейін де өңірге жасаған игілікті істері жетерлік. Консорциум аймақта әлеуметтік ірі жобаларды жүзеге асыруда. Бүгін түске дейін Атырау қаласында компанияның ықпалымен қамқорлықты қажет ететін балаларға арналған әлеуметтік нысан «Жасөспірімдер үйі» ашылды. Сондай-ақ, Атырау қаласының Талғайран мөлтекауданында 900 орындық мектептің құрылысын жүргізу жөнінде бастама көтерілді. Облыс әкімінің қолдауымен компанияның қаржыландырылуымен Құрманғазы ауданына да тұрғындар үшін өте қажетті медициналық жабдық табысталып отыр. Бұл құрылғы құрманғазылықтарға озық үлгідегі медициналық көмекті сапалы деңгейде көрсететініне сеніміміз зор. Жаңа компьютерлік томография дәрігерлердің де жұмысын жеңілдетеніне еш күмәнданбаймыз. Жаңа кабинет жақсылықтың жаршысы болсын - деді.

 Келесі сөз кезегін алған «Каспий құбыр консорциумы» АҚ бас директоры Николай Горбань:

- Компания – ТМД аумағында энергетика саласындағы шетелдік капиталдың қатысуымен іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың бірі. Қазіргі таңда халықаралық Консорциум мүгедектерге, ардагерлерге, жетім балаларға тұрақты көмек көрсетеді. Пандемияға қарамастан біз қайырымдылық шараларын көрсетуді тоқтатпаймыз. Аймақта әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бойынша облыс әкімімен бес жылға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Оның алғашқы жобасы 900 орындық мектеп құрылысын бастау.     

Бүгінгі күні жаңа ауруханаға тұрғындар игілігі үшін медициналық жабдықты сыйға тартуды жөн көрдік. Мұндай құрылғылар аудандарда сирек кездеседі. Сондықтан, бұл аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға үлкен септігін тигізді деп ойлаймын. Аталмыш жабдықтың көмегімен дәрігерлер көптеген адамның өмірін сақтап, аурудың алдын алады деген үміттеміз,- деп аурухана ұжымының жұмысына сәттілік тіледі.

Келген қонақтар аурухана ішін аралап, томографиялық кабинет алдындағы керілген лентаны медицина саласының ардагері Зинетолла Ақпанов пен «Каспий құбыр Консорциумы» АҚ бас директоры Николай Горбань қиды. 

tomografiya-kabineti-ashyldy

Айта кетейік, томографты сатып алу үшін компания 360 млн. теңге қаржы жұмсаған. Жапондық Hitachi фирмасында шығарылған аппарат (SUPRIA моделі) 128 кесікті сканерлеуге мүмкіндік беріп, адамның бүкіл денесінің диагностикасын қамтамасыз етеді.

- Қазіргі таңда тұрғындарға сапалы мамандандырылған қолжетімді медициналық қызмет ұсынып, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтып келеміз. Сондықтан, ауруханада ашылған жаңа томографиялық кабинет алдағы уақытта  құрманғазылықтар үшін лайықты қызмет ететініне еш шүбә жоқ. Бұған дейін, шалғай өңір тұрғындары облыс орталығына барып, компьютерлік томографияға түсуге мәжбүр болды. Covid-19 пандемиясы жағдайында емдеу мекемесі уақытша жұқпалы аурулар ауруханасына қайта бейімделгенін және жаңа жабдық ауруларды диагноздау, соның ішінде коронавирустық инфекцияның ауыр түрімен ауыратын науқастар үшін аса қажет екенін атап өту қажет. Пандемия аяқталғаннан кейін, бұл жабдық Құрманғазы ауданында салынуы жоспарланып отырған инсульт орталығында қолданылады деп жоспарлануда,- деді Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев.

 

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521